Жетісу облысында миллиардтаған қаржы бөлінген әлеуметтік нысандар аяқсыз қалған
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек Жетісу облысында бірнеше әлеуметтік нысан аяқсыз қалғандықтан, халық игілігін көре алмай, наразылық білдіріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мәселен, бір ғана медицина саласындағы жағдайды алсақ. Бүгінгі таңда Талдықорған қалалық емханасы 112 000 адамға қызмет көрсетуде, бұл қала халқының 70%-ын құрайды. Яғни, артығымен адам қабылдау арқылы сырқаттанғандарға тиісті деңгейде сапалы медициналық көмек көрсете алмай отыр. Ауырып келгендер ем алу үшін кезекке тұрып қалады. Бұл мәселені шешу үшін қалада 500 адамды қабылдауға арналған жаңа емхана ашу жоспарланған. Ғимараты да салынды. Алайда, республикалық бюджеттен қаражат бөлінбегендіктен тоқтап қалды. Соның салдарынан жаңадан құрылған 5 шағын ауданның тұрғындары емделу үшін қала шетінен орталықтағы емханаға баруға мәжбүр болып отыр. Егер де осы мәселе шешілсе жаңа емхана 45 мың адамға қолжетімді медициналық көмек көрсетер еді», — деді Мәжіліс депутаты.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі өз сөзінде іске қосылмаған тағы бір нысан туралы айтты.
«Келесі әлеуметтік нысандардың бірі – 250 балаға арналған жатақханасы бар Лепсі ауылындағы спорттық дене шынықтыру және сауықтыру кешені. Құрылысы қазіргі уақытта аяқталып қалды. Алайда, ауылдағы ауыз су мәселесіне қаражат бөлінбеуінен нысанды іске қоса алмаймыз. Яғни құны 2,9 миллиард теңгені құрайтын жақсы жоба ел игілігіне уақытылы берілмей отыр. Осы аталған әлеуметтік екі жоба да басталып, аяқталмай қалғандықтан халық пайдасын көре алмай отыр», — деді депутат Болат Керімбек.
Болат Керімбек «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдылықтардың бірі «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру екенін айрықша атап өтті.
«Соның аясында өңірде 9 әлеуметтік жаңа жоба жүзеге асырылуы тиіс еді. Алайда, бюджетте ескерілмегендіктен, ауыл тұрғындары медициналық, мәдени және спорттық қызметтерге қол жеткізе алмайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен алдағы жылы өңірдегі 126 елді мекеннің 25-сін газдандыру көзделген болатын. Тиісті қаражат бөлінбегендіктен, бұл жұмыс та бір орында тұралап тұр», — деді ол.
Осы себепті депутат өңірлік саясатқа қатысты жобаларды қаржыландыруда мемлекеттік және бюджеттік жоспарлауды әлі де жетілдіруді қажет етеді деп санайды.
«Бұл бір ғана өңірде емес, барлық өңірге тән жағдай. Жүйелілік жоқ. Әрине, мұндайда құрылыстың сапасы жоғалады, бағасы қымбаттайды. Біз бір істі бастасақ, соны соңына дейін жеткізуге тиіспіз. Қаржыландыруда да солай болуы қажет», — деп сөзін Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек сөзін түйіндеді.