Бір сұраққа жауап бар, кезек екіншісінде: Қазақстанда АЭС-ті кім салады
Кеше Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум өтті. Алдын ала қорытынды бойынша, халықытң 71,12% құрылысты қолдап дауыс берген. Халықтың бұл шешімінің ерекшелігі неде? Ulysmedia.kz осы сұраққа үңіліп көрді.
ҚАЖЕТТІ АНЫҚТАМА
Референдум (лат. referendum – хабарлануы тиіс мәлімет) — жалпымемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті маңызы бар неғұрлым маңызды мәселелер бойынша дауыс беру арқылы көрініс табатын, азаматтардың тікелей ерік білдіру формасы.
Референдум – тікелей демократияның маңызды институты. Бұл халықтың тікелей заң шығаруға атсалысуы дегенді білдіреді. Мемлекет және әрбір жеке азамат үшін маңызды шешімдер қабылдауға жұртшылықтың қатысу тәсілінің бірі – осы референдум.
ПЛЕБИСЦИТАДАН НЕСІМЕН ЕРЕКШЕ
Референдум негізінен дауыс берудің екі түрі – плебисцит және сайлауға ұқсас.
Плебисцит – қарапайым халықтың жиналыстарын қабылдайтын шешімдер.
Қазақстан заңнамасында «плебисцит» ұғымы жоқ, тек «референдум» термині бар. Оның сайлаудан айырмашылығы, белгіленген кезеңділігі жоқ, ал шешімдер белгілі бір мерзіммен шектелмейді.
Батыс сарапшыларының тағы бір түсіндірмесі бойынша, жоғарыдан түсетін сұрақтар – плебисцит. Бірақ халық билікке шығып, белгілі бір мәселелер бойынша дауыс беруді ұсынған кезде – бұл референдум болады. Бұл едәуір үлкен айырмашылық.
Қарапайым сөзбен айтқанда, референдум – бұл азаматтар ұйымдастыратын іс-шара.
ТАРИХТАҒЫ РЕФЕРЕНДУМДАР
Референдумдар әр елдегі даму мен саяси жүйелерге айтарлықтай әсер еткен кездер бар.
Ирландия өзінің дамуы мен саяси жүйесін өзгерту үшін көп референдум өткізді. Ең танымалы – Еуропалық экономикалық бірлестікке қосылу жөнінде 1973 жылғы референдум, өлім жазасынан бас тарту туралы 1995 жылғы референдум және жақында бір жынысты неке және түсік жасатуға байланысты референдум. Референдумдар Ирландия қоғамын либерализациялауда және азшылықтардың құқықтарына заңды күш беруде маңызды рөл атқарды.
- 2006 жылы Кеблавиктегі НАТО базасын жою туралы референдум Исландияның сыртқы саясатын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Оның нәтижелері үкіметті НАТО-мен келісімін қайта қарауға итермелеп, базаны елден шығаруға жеткізді. Референдум сыртқы саясатты қалыптастырудағы қоғамдық көңіл-күйдің күшін көрсетті.
- 2016 жылы Еуропалық одаққа мүшелік туралы Референдум Ұлыбританияның саяси дамуына үлкен әсер етті. Оның ЕО-дан шығу пайдасына көзделген нәтижесі премьер-министр Дэвид Кэмеронның отставкасына жеткізді. Дауыс беру Ұлыбританиядағы саяси поляризацияны да күшейтті.
- 2016 жылы ФАРК бүлікшілер тобымен бейбіт келісім туралы референдум Колумбия тарихындағы маңызды бетбұрыс болды. Референдум сәтті болмаса да, ол бейбітшілік туралы жалпыұлттық пікірталас туғызып, одан әрі бейбіт келіссөздердің негізін қалады.
Бұл мысалдар референдумдар азаматтардың тікелей қатысуының, саяси шешімдерге ықпал етуінің және елдің дамуын қалыптастырудың қуатты құралы бола алатынын көрсетеді. Дегенмен, олардың әділ және ашық түрде жүргізілуі, нәтижелерін барлық тарап құрметтеуі маңызды.
ШВЕЙЦАРИЯНЫҢ ЖӨНІ БӨЛЕК
Еуропада дамудың барлық дерлік мәселесі халықтық ерік-жігерімен шешілетін бірден-бір ел – Швейцария. Кейінгі 180 жылда елде тек федералды деңгейде 600-ге жуық референдум өткізілген. Ол референдумдар – Швейцария демократиясының ажырамас бөлігі. Азаматтар заңдардан бастап конституциялық өзгерістерге дейінгі көптеген мәселеде дауыс береді.
Ондағы адамдар, мысалы, міндетті стоматологиялық сақтандыруды енгізу немесе 2035 жылға қарай кантонда тұтынылатын электр энергиясының 40 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен алынуы керек деген жаңа кантондық энергетикалық заң қабылдау мәселесін жұрт талқысына салған.
ТОҚСАНЫНА БІР РЕТ
Швейцария конфедерациясында алғашқы ұлттық референдум 1848 жылы өткізілген. Мұнда азаматтар федералды, кантондық және муниципалдық референдумдарда кем дегенде төрт айда бір рет дауыс береді.
Бірақ бұл елде қарастыруға болмайтын мәселе бар – федералды бюджеттің жекелеген баптарын референдумға шығаруға болмайды. Алайда елдің ұлттық құрылымдардан жоғары халықаралық құрылымдарға мүшелігін реттейтін шарттар мен келісімдер халықтың сотына міндетті түрде шығарылады. Мәселен, 2005 жылы Швейцария 2008 жылы шенген аумағына кіру мәселесіне дауыс берді. Ал Қазақстанда ҰҚШҰ мен ЕАЭО-ға мүшелікке кіру жөнінде референдум өткізу биліктегілердің ойында болмаған да сияқты.
КӨРШІЛЕР ЖАЙЛЫ
Орталық Азияда референдумдар әсіресе кейінгі жылдары бірқатар елдің саясаты мен экономикасына айтарлықтай ықпал етті.
- Қырғызстанда референдум екі рет өтті. Олардың бірі – 2021 жылдың қаңтарында президенттік басқару формасына көшуді қолдау жөнінде болды. Сол жылдың сәуірінде жаңа Конституция қабылданды, бұл президенттік өкілеттіктердің нығаюына және елдің саяси құрылымының өзгеруіне ықпал етті.
- Өзбекстанда 2023 жылы жаңа Конституция бойынша референдум ұйымдастырылды. Ол Парламенттің құрылымын өзгертіп, президенттің өкілеттік мерзімін өзгертті. Бұл өзгерістер Парламенттің рөлін нығайтып, президент Шавкат Мирзиеевтің реформалық бағытын растады. Елдің аймақтағы сыртқы саясатына да әсер етті.
- Тәжікстанда 1999 жылы өткен референдум діни партиялардың тіркелуін заңдастырып, президенттің өкілеттік мерзімін жеті жылға дейін ұзартты. Бұл азаматтық соғыстан кейінгі саяси жағдайды тұрақтандыруға ықпал етті.
- Түркіменстанда өткен 1994 және 1999 жылдардағы референдумдар Сапармұрат Ниязовтың авторитарлық режимін заңдастыру үшін, оның өкілеттігін өмір бойына ұзарту үшін «пайдаға жарады». Бұл әрекеттер елдегі авторитарлық тенденцияларды күшейтті.
ОККУПАЦИЯЛАНҒАН АЙМАҚТАР
Украинаның Донецк, Запорожье, Луганск және Херсон облысын Ресей басып алып, аймақтарда «референдум» өткізген. Осылай Кремль бұл аумақтардың Ресейге қосылғанын жариялады. Бұған дейін 2014 жылы Қырымда осындай оқиға болған.
ҚАЗАҚСТАН
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда төрт референдум өтті. Олар ұзақ жылдар бойы елдің конституциялық және саяси жүйесін қалыптастыруды өзінше айқындады.
Қазақстандағы алғашқы референдум 1995 жылы 29 сәуірде ұйымдастырылды. Ол кезекті сайлаусыз Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзартуды мақсат тұтқан.
Келесі күні, 30 сәуірде Қазақстанның тұңғыш президенті халыққа үндеу жасап, жаңа Конституция қабылдауды ұсынды. 1995 жылы 30 тамызда екінші референдум өтті. Жаңа Конституция қабылданды.
Жаңа Конституция екі палаталы Парламентті (сенат пен Мәжіліс) енгізіп, президенттің өкілеттіктерін кеңейтті. Жоғарғы кеңестің рөлін қысқартып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты ережелерді енгізді. Бұл формада құжат ол отыз жылға жуық қолданыста болды.
Үшінші референдум 2022 жылдың 5 маусымында өткізілді. Ол негізінен елдің саяси жүйесін реформалауға қатысты болды. Конституцияға енгізілген өзгерістер билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге, президенттік билікті шектеуге, Парламент пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлін күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін енгізуге бағытталды.
АЭС РЕФЕРЕНДУМЫ
Қазақстан тарихындағы төртінші референдум осы – АЭС мәселесі. Дауыс берудің алдында оның толық заңдылығына көлеңке түсірген оқиғалар болды. Барлық телеарнада және барлық басқа электрондық БАҚ-та тәулік бойы жұмыс істейтін атом электр станциясының жарнамасы қызып тұрды. Ең қызығы, АЭС-ке қарсы пікірлерге ресми БАҚ-тарда мүлде орын берілмеді.
Оралда атом электр станциясы тақырыбы бойынша өтіп бара жатқан адамдардан сұхбат алған журналист сотқа тартылды. Оны «заңсыз сауалнама жүргізгені» үшін жауапкершілікке тартпақ болған. Студенттердің, бюджет қызметкерлерінің, әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорын қызметкерлерінің «есеп беру» үшін учаскеде фотосуретке түсу жайттары болды. Ал Азаттық радиосының хабарлауынша, Түркістан облысында бюллетенді топтап жәшікке салу фактісі болған. Ал Қазақстанның Жас сайлаушылар лигасындағы дауыс беру орындарында алдын ала қол қойылған бюллетеньдер кездескенін атап өткен. Осы оқиғалардың қарсаңында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің «дауыс берген соң Starbucks кофесін ішуге баратыны жөнінде әңгімесі» әдептен тыс сипатта естілді.
ЛЕГИТИМДІЛІК МӘСЕЛЕСІ
Қалай болғанда да, азаматтардың шешім қабылдауға тікелей қатысуы оларға әсер ететін саясат пен заңдарға тікелей ықпал етуге мүмкіндік береді.
Референдумдар үкіметтерді өз азаматтарына есеп беруге және шешім қабылдау кезінде олардың көзқарасын ескеруге мәжбүр етеді.
Қоғамдық дауыс берудің мұндай формалары әртүрлі бағынышты институттар мен сарапшыларға әртүрлі мәселелер бойынша қоғамдық қолдау деңгейін бағалауға мүмкіндік беретіні маңызды. Дауыс берудің оң нәтижесі Үкіметтің заңдары мен шешімдерінің заңдылығын нығайтары сөзсіз.
ДЕБАТТАРДЫҢ САПАСЫ
Екінші жағынан, референдумдарды мүдделі тараптар фактілерге және ұтымды талқылауға емес, эмоцияларға негізделген шешімдер қабылдау үшін пайдалана алады.
Даулы мәселелер бойынша референдумдар, егер олардың нәтижесін процестің барлық тараптары қабылдамаса, әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ, референдумдар қателіктер мен манипуляцияларға ұшырауы ықтимал. Бұл халықтың ерік-жігерін бұрмалауға апарып соғаыды. Олардың тиімділігі қатысу деңгейі мен қоғамдық пікірталастың сапасы сияқты факторларға байланысты өзгеруі мүмкін.
ОРК мәліметтері бойынша, Қазақстанда АЭС-тің салынуын дауыс берушілердің 71,12% қолдаған. Өздеріңіз білетіндей, Алматыда дауыс беруге келу көрсеткіші дәстүрлі түрде төмен пайызды құрады. Неліктен Қазақстанның ең саясиланған қаласында дауыс беруге келетіндердің саны әрқашан аз болады деген сұрақ әлі де көптің көкейінде жүр.
ЕНДІ КІМ САЛАДЫ
Өткен референдумнан кейін «Қазақстанда атом электр станциясын кім салады?» деген сұрақ туындайды. Оған ішінара Қасым-Жомарт Тоқаев жауап берді.
– Бұл мәселеге менің жеке көзқарасым – Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан тұратын Халықаралық консорциум жұмыс істеуі тиіс. Қалғанын өмір көрсетеді, — деді ол.
Бұл өте маңызды сұрақ, өйткені тіпті атом электр станциясын салуды жақтаушылардың ішінде көрші елге басып кіріп, қан-қасап жасаған Ресейдің станцияны салуын қаламайтындар бар.