«24 учаскедегі жұмыстарды бақыладық»: ТМҰ референдумға өз бағасын берді
Түркі мемлекеттерінің ұйымы миссиясының басшысы, ұйымның бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров Қазақстандағы референдумның өтуіне қатысты миссияның қорытындысын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Түркі мемлекеттер ұйымының миссиясында 11 байқаушы бар. Біз Қазақстанда өткен референдумды бағалау үшін 3-қазанда келдік. Алдын ала байқаулар бойынша Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровпен кездесті. Ол кездесуде референдумға дайындық бойынша барлық ақпарат берілді. 34 елден 177 байқаушы тіркелгенін айтты», дейді Джафаров.
Оның айтуынша, миссия мүшелері 24 учаскедегі дауыс беруді байқаған.
«Байқаушыларға дауыс беру кезінде барлық жағдай жасалды. Миссия ұлттық байқаушылардың да ашықтықты қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс істеді. Дауыс беру кезінде есептілік пен ашықтық сақталды. Байқаушылар қоғамдық тәртіптің сақталғанын көрді, ал дауыс беру нәтижелеріне әсер ететін жағдайларды байқамады. Сондай ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жағдай жасалғанын көрдік. Дауыс нәтижелерін санау да ұлттық заңнамаға сай өткізілді. Түркі мемлекеттерінің ұйымы референдум ашық және заңға сай өткенін хабарлайды» дейді ол.
Миссия Қазақстан азаматтарын референдумның сәтті өткенімен құттықтап, бұл қадам болашақтағы демократиялық іс шаралардың алды болатынына үміт артты.
Осыған дейін ШЫҰ миссиясы елімізде өткен референдумға қатысты өз баяндамасын оқып берді. Олар референдумды өтті деп таныды.