Главное

«Қылмыскердің отбасында тәрбиеленгеніне қарсымын»: Күйеуі жауыздықпен өлтірген Әл-Бейненің анасы 12 жасар жиенін қолына ала алмай жүр (видео)

Алматыда Әл-Бейнені 10 рет пышақтап, телефонынан миллиондаған ақшасын ұрлаған күйеуі Сабыржан Зариповке сот шешімі шықты. Қанды қылмыскер 15 жылға сотталды. Алайда олардың ортақ баласы қылмыскердің отбасының үйінде. Әл-Бейненің анасы Мағжан Байсейітова 12 жасар қызды оған беруді сұрайды. 

 

Әл-Бейне Зарипованың әкесі 13 жыл бұрын алғаш рет күйеубаласының қызына қол жұмсағанын білген. Ол алғашында Әл-Бейнені алып кетпек болғанымен, кешірім беріпті. Алайда бұл әрекетін теріс бағалайды.

“Осы жағдайды естігенде, бірден Алматыға жиналдым, барып, баламды алып кеткім келді. Ол кезде жастаумыз, мінезді тоқтата алмаймыз, үйде анасымен сөйлесіп, шешімге келдік. Ол “сен бармай-ақ қо, өзім барайын, сен ушықтырып аласың” деп өзі баратын боп шешті. Мен оған “баланы алып кел” деген тапсырма бердім. Былай ойланып, “қыздың жолы ауыр” дегенге салып, қазақтың “барған жеріңе бастай батып, судай сің” дегенін еске алып, кішкентай нәрестесі бар, баланы әкесіз қалдырмайық” деп тағы бір мүмкіндік бердік. Оны мен емес, шешесі, құдағи келіп, өзі де соны қалап, кешірім сұрап, “енді қайталамаймын” дегесін көндік”, – деді Балапан Жүсіп.

Сөзінше, Әл-Бейне отбасындағы мәселелерді көп бөліспей, жасыратын болған. Күйеуінің қысым көрсететінін жақындарына айтпаған.

“Балам қалайсың, тұрмыс жағдайың қалай?” десем, “әке, бәрі жақсы” деп көп нәрсені жасырды. Бірақ бір қол көтерген адамды кешірмей керек”, – деді әке.

Ол қазақылыққа салынып, кешіре беруді құптамайды және әр адамға өмір бір-ақ рет берілетінін баса айтты.

“Түйедей байлық бергенше, түймедей бақ берсін дейді. Міне, бағын үзіп, баламыздан айырылып отырмыз. Өкінішке қарай… Аяғын өздеріңіз көріп отырсыздар, аяғы не болды?! Бұл менің әке ретіндегі қателігім шығар. Сол кезде ажырастырып, алып кетуім керек еді…”, – деп көзіне жас алды ер адам.

Әл-Бейненің анасы Мағжан Байсейітова марқұмның 12 жасар қызын өз қамқорлығына ала алмай жүр. Сөзінше, анасын өлтірген қылмыскердің отбасына баланы беріп қою қателік.

“Мен жиенімнің қылмыскердің отбасында тәрбиеленгенін қаламаймын. Ол қазір Зариповтың қарындасының қолында. Осы қарындасы сотта қылмыскердің қорғаушысы болып жүрді. Оның үстіне оны үнемі бақылауда ұстап, бізбен араластырмайды, кездесуге тыйым салды. Мектепке іздеп барғанымызда, директорға да кездестірмесін деген. Сонда қызымның қызын көру үшін одан рұқсат сұрауым керек пе?”, – деді ана.

Ол Зариповтың отбасы тек Әл-Бейненің артында қалған мұраны көксеп отыр дейді. Себебі 12 жасар қыз жалғыз мұрагер болғандықтан, мұра қамқоршының қолына өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ер адам әйелін 10 рет пышақтап, бес миллион теңгесін ұрлап, жертөлеге тастап кетті деп айыпталғанын жаздық. Жақында сот шешімі шығып, қылмыскер 15 жылға сотталды.

Сұқбаттың толық нұсқасын YouTube арнамыздан көріңіздер!

Другие новости

Back to top button