Маңғыстау облысында жаңа курортты қала салынады
Маңғыстау облысында жаңа курортты қала салынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОҚАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫ
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекет басшысының биылғы маусымда өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында Маңғыстау облысында өңірдің туристік әлеуетін дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Кендірлі курортты аймағында жылына 300 мың адамға дейін қабылдай алатын туристік қала салынады. Инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталған.
ТУРИСТЕР ТАРТАМЫЗ
Кендірлі теңіз жағалауының ерекшелігі – шомылу маусымының ұзақтығы. Географиялық орналасуы да маңызды рөл атқарады. Ол өзінің бірегейлігінің арқасында туристерді тартуға ыңғайлы. Осыған байланысты Президент Кендірлі туристік аймағын құру бойынша нақты тапсырма берді. Біз тиісті инфрақұрылымы бар және туристерге қызмет көрсететін арнайы туристік қалашық салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Жаңаөзен қаласының негізгі жүктемесінің төмендеуіне жақсы әсер етеді, — дейді Кендірлі ауылының әкімі Мекен Үйсенов.
Еске салсақ, Алматы облысында ауданы 30 мың га G4 City арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Сондай-ақ осы облыста Жетіген елді мекені жергілікті маңызы бар қалаға айналған еді.