Госорганы

Қазақстанның мұнайы бізге келіп жатыр – Германия канцлері

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Федералдық канцлері Олаф Шольц шағын құрамда кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу Қазақстан мен Германияның көпқырлы ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретініне сенетінін айтты. Себебі елдер арасында өзара сенім бар, берік достық қатынас орнаған.

«Біз жаңа ғана шағын құрамда екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселесін талқыладық. Сауда, экономика, инвестиция саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше назар аудардық. Бұдан бөлек өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғадық. Әсіресе, қазіргі геосаяси ахуалға, жаһандық қауіпсіздікке, аймақтық дамуға, климаттың өзгеруіне қатысты пікір алмастық. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы байланыстарға тоқтадық. Екіжақты қарым-қатынасымыз стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал етеді деп сенемін», — деді Тоқаев.

Олаф Шольц қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты.

«Былтыр да екі елдің қарым-қатынасы жақсы өрбіді деп ойлаймын. Экономикалық байланысымыз кеңейетінін көріп отырмын, менің қасымда экономика өкілдерінен құралған үлкен делегация жүр. Біздің мақсатымыз экономикалық қарым қатынас үшін жағдайды жақсарту, елдеріңізге тікелей инвестиция салуға, сауда айналымына мүмкіндік жасау. Әрине, біз де барлық алаңда экономикалық қарым-қатынасымызды жақсартқымыз келеді. Энергетика жағынан ынтымақтастығымыз жақсы ілгеріліп жатыр, мұнай түсіп жатыр. Біз сенімді, нық, айқын, жүйелі ынтымақтастық үшін өте қуаныштымыз. Бұл көбісі үшін жақсы месседж және әлемге осындай ынтымақтастық құруға болады деген жолдау», — деді Шольц.

Ол Тоқаевпен сондай-ақ маңызды халықаралық сын-қатерлер туралы да әңгімелескен.

«Әрине бұған, ең алдымен, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы және оның салдары жатады. Мұны үнемі айтып жүру де маңызды», — деді канцлер.

Шольц ертең Орталық Азия елдерінің президенттерімен кездесетініне қуанышты екенін жеткізді.

«Бұл игі дәстүрге айналды. Мен осы кездесуге жақсы дайындалғаны үшін ризашылығымды білдіремін және ол міндетті түрде табысты болатынына сенімдімін», — деді ол.

Бүгін «Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Другие новости

Back to top button