Ақтөбе облысының дәрігерлері өлім аузындағы баланы анасымен бірге таксиге мінгізіп жіберген (ВИДЕО)
Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Бершүгір ауылының тұрғыны Арман Жұбанышев өлім аузында жатқан жеті айлық сәбиін емдей алмаған дәрігерлерді жазаға тартқысы келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасай отырып.
Арман Жұбанышевтың айтуынша, баланың тоқ ішегіне операция жасағаннан кейін, температурасы түспей, бала қатты ауырған. Алайда, жергілікті дәрігерлер баланы санавиация арқылы тасымалдамай, облыс орталығындағы дәрігерлерге көрсету үшін анасы екеуін таксиге мінгізіп жіберген.
«Ауырып жатқан балама бір ғана таблетка берген. Бала оянса да қан кетіп, кіші дәреті жүрмей қалған. Менің балам жерде жатыр, олар орнында отыр. Шалқар қаласының бас дәрігері мен Ембі қаласының бас дәрігері балама көмек көрсетпегені үшін жазаға тартылсын», — дейді Арман Жұбанышев.
Телеарна журналистері Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Шарбақовадан пікір алған екен. Басқарма аудандық аурухана мен Ембі ауруханасының бас дәрігерлеріне шара қолданбақ.
«Тексерістің қорытындысына сәйкес Шалқар аудандық ауруханасына, сонымен қатар Ембі ауруханасының бас дәрігерлеріне жіберілген қателіктері бойынша шаралар қолданылды», –деген телеарнаға Әлия Шарбақова.
Бала шала туған екен, сонымен қатар бірнеше патологиялық ақаулармен дүниеге келген. Осы себептердің де әсерінен денсаулық жағдайы нашарлап кеткен.