«Армиядағы өлім қашан тоқтайды, мырзалар?!» әскерде көз жұмған сарбаздар саны жайлы
Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінде кейінгі жылдары қанша сарбаз, қанша әскери қызметкер көз жұмды? Ulysmedia.kz бұл жолы «сандарды сөйлетуге» тырысты.
ҚАЙҒЫ ЖАМЫЛҒАН ӘКЕНІҢ ҮНІ
Өкінішті-ақ, кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Өте қауіпті, үрейлі үрдіс! Қазір жұрт баласын армияға жіберуден қорқып қалған. Күні кеше ғана «Оймаша» полигонында оққа ұшқан әкенің «жалғыз ұлымнан айырылдым» деп шырылдаған үні бүкіл қоғамды тағы дүр сілкіндіріп, осы үрейді үдете түсті. Тик-ток әлеуметтік желісінде зарлы әкенің видеосын бір-ақ күнде 3 млн адам қараған. Үкілеп өсіріп отырған ұлын осыдан кейін әскерге кім жібергісі келсін!?
Ulysmedia.kz порталы ашылған күннен бастап сарбаз өлімі, армиядағы әлімжеттік мәселесін әрдайым көтеріп келеді. Бұл бағытта порталымызда көптеген материал жарияланды. Қара жамылған отбасылармен сөйлесіп, ресми органдарға сауалдар жолданды, сарапшылар мен Парламент депутаттарының пікірі сұралып, проблеманың шешімін іздеуге біршама атсалысуға тырыстық. Алайда ұлынан айырылған бір отбасының қайғысынан кейін мұндай трагедия басқа өңірде басқа бір отбасының басына түсіп, армиядағы өлім тыйылар емес.
АРМИЯҒА НАҚТЫ СҰРАҚ
Біз Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа, ҰҚК Шекара қызметінің бастығы Ерлан Алдажұманов пен Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Еркін Ботақановқа мына сұрақтарды жолдадық:
- 2021-2024 жылдар аралығында қанша мерзімді әскери қызметші көз жұмды?
- Осы аралықта қызмет бабында жүріп, қанша әскери қызметші көз жұмды? Олардың қаншасы сержанттық және қаншасы офицерлік құрамда болды?
- 2021-2024 жылдар аралығында қанша әскери қызметші қызмет бабында жүрген уақытында кісі өлтіргені үшін сотталды?
- Осы аралықта әскери қызметшінің қызмет бабында қаза болғанына байланысты оның туған-туыстарына қанша өтемақы төленді?
- Армиядағы әлімжеттікті азайту бағытында қандай тың іс-шараларды қолға алынғалы отыр? Сіздер тараптан Үкіметке қандай да бір ұсыныстар бар ма?
ҰЛТТЫҚ ҰЛАН НЕ ДЕП ЖАУАП БЕРДІ
Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы 2021-2024 жылдар аралығында жалпы мерзімді шақырылымдағы 12 әскери қызметшісі қаза тапқанын хабарлайды. Құзырлы орган жарақаттардың ауырлық дәрежесін анықтамай тіркейді.
Айтылған мерзім ішінде Ұлттық ұланда 10 офицер және 34 келісімшарт бойынша әскери қызметші қайтыс болған. Ондағы әскери қызметшілері кісі өліміне қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
2021-2024 жылдар аралығында әскери қызметшілердің қайтыс болуына байланысты туыстарына жалпы сомасы 329,5 мллн теңге өтемақы берілген (2021 жылы – 112,5 млн теңге, 2022 жылы – 62,5 млн теңге, 2023 жылы 39 млн теңге, 2024 жылы 115 млн теңге).
«ТӘРБИЕ ТӘСІЛІ ӨЗГЕРДІ»
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қ. Үмбетов Сарбаздар аналары комитетімен және олардың өңірдегі өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатылғанын хабарлайды.
«Әскерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың жоғарылауын ескере отырып, тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдері өзгерді. Жаңадан «Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық» құжаттамасы қолданысқа енгізілді. Әскери басқару органының әрбір деңгейі бойынша заңдылық және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар мен практикалық шаралар қарастырылған», — делінген Үмбетовтың жауабында.
Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес Ұлттық ұланның әскери полициясы Ішкі істер министрлігі әскери-тергеу департаментінің жедел бағыныстылығына берілген. Психологтардың штаттық саны 25 адамға (53-тен 78-ге дейін) өскен. «Психогигиена және психопрофилактика» апталығы өткізіліп, оған әскери прокуратураның, ресми діни конфессиялардың өкілдері, суицидологтар, азаматтық жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысады. Әлеуметтік зерттеу жүргізіледі.
ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНДЕГІ АХУАЛ
Ұлттық қауіпсіздік комитетітің Шекара қызметі 2021-2024 жылдар аралығында 9 мерзімді әскери қызметші қайтыс болғаны (2021 жылы 3, 2022 жылы 5, 2023 жылы 1, 2024 жылы жоқ) жөнінде мәлімет берді.
«2021-2024 жылдар аралығында 40 мерзімді әскери қызметші ауыр дәрежеде жарақат алды. Осы аралықта қызмет бабында жүріп, 31 әскери қызметші қайтыс болды (5 офицер, 17 келісімшарт бойынша әскери қызметші, 9 мерзімді әскери қызметші, 2021 жылы – 10, 2022 жылы – 13, 2023 жылы 7, 2024 жылы – 1). Кісі өлтіргені үшін 1 әскери қызметші сотталды. 2021-2024 жылдар аралығында қызмет бабында қайтыс болған әскери қызметшілердің туған-туыстарына 398 млн теңгеден аса өтемақы төленді», — делінген жауапта.
ӘРКІМ ӨЗ ТУҒАН ЖЕРІНДЕ БОРЫШЫН ӨТЕСЕ…
Шекара қызметі құқықбұзушылықтың, әлімжеттіктің алдын алу үшін тәрбиеші офицерлердің штаттық санын ұлғайтқан. Биылдан бастап Шекара академиясында «Тәрбие және идеологиялық жұмыс офицері мамандығы бойынша офицерлер дайындалады. Оқу орталықтарында қосымша тәрбиеші, психолог және полиграфолог лауазымдары енгізілген. Оқу орындарында тұлғаның коммуникативтік қабілетін дамытуға бағытталған практикалық сабақтар жүргізіледі.
«Әскери қызметшілердің сенімділік деңгейін анықтау үшін әлеуметтік сауалнамалар жүргізіледі. Қорытындысы бойынша тұлғалық қасиеттерінде импульсивтілік, өзін-өзі бақылауы төмен, қисынсыз әрекеттер жасауға және жанжалға бейім тұлғалар динамикалық бақылауға алынады. Сондай-ақ, әлімжеттікті болдырмау мақсатында жоғары шақырылым мен кіші шақырылым бірге араластырылмайды. Олар жеке бөлімшелерде қызмет атқарады. Сарбаздардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша жақын бөлімшелерге қызмет атқару тәжірибесі енгізіліп жатыр», — делінген бөлімше бастығы Б.Рахымбердиевтің жауабында.
ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ: САН ЖОҚ – ПАЙЫЗДАР ҒАНА
Бұл бағытта өкінішке қарай Қазақстанның Қорғаныс министрлігінен нақты жауап ала алмадық. Министрлік мәліметті нақты келтірмейді. «Отбасымен бейнеқоңырау» жобасы, ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы, командирлер нұсқауы, Қорғаныс министрлігінің тапсырмаларды орындап жатқанын ұзын-сонар жауаппен жазады.
«Бүгінгі күні жауынгерлік дайындықтың қарқындылығына байланысты қатер де артты. Қандай да бір жаттығу, қару-жарақ неке құрамның қаза болу саны (тек қарулы күштер үшін статистика, басқа күштік ведомстволардағы әскери қызметшілердің қаза болуын есепке алмағанда) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға төмендеді. Егер соңғы үш жылдағы қайтарымсыз шығындар статистикасын алсақ, онда 19%-ға, оның ішінде қауіпсіздік шараларын бұзу нәтижесінде 43%, жол-көлік оқиғасы 27% және науқастануы бойынша 24% төмендеудің жалпы серпіні байқалады. Командирлер, тәрбиешілер, психологтар жүргізіп жатқан жұмыстарға қарамастан, өз проблемаларын жасыра отырып, мерзімді қызметтің әскери қызметшілері асығыс әрекеттер жасайды. Алайда қаза болғандардың 90% астамы әскери қызмет өткерумен байланысты емес екенін айтамыз», — делінген Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің жауабында.
Ахмедиев Қарулы күштердегі суицид жағдайы әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің армияларына қарағанда төмен деп атап өтеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда суицидтің жалпы саны мерзімді қызмет сарбаздары арасында 66%-ға (3-тен 1 жағдайға дейін) азайған дейді. «Суицидтердің басым бөлігі әскери қызмет өткерумен байланысты емес» деп есептейді.
«Біз Қарулы күштердегі әрбір өлім үшін жауапкершіліктен қашпаймыз. Бұл олардың туыстары мен жақындары үшін, оның ішінде командирлер үшін және жалпы армия үшін қандай шығын екенін анық түсінеміз. Өкінішке қарай, бір мезгілде әскерге шақырылушылар арасында жарғыдан тыс фактілер де кездеседі. Статистикаға жүгінер болсақ, онда жарғыға жат қарым-қатынастар негізінде қылмыстар саны соңғы үш жылда 28% төмендеді. Заңсыздыққа жол бергені үшін бірқатар әскери қызметшілер сотталды. Әскерге шақырылған жастар отбасында, мектепте, достарынан алған әр түрлі деңгейдегі тәрбиемен келеді. Бүгінгі таңда мұндай бұзушылықтардың негізінде жеке қақтығыстар болып жатыр (бір мезгілде әскерге шақырылған екі әскери қызметші арасында). Олар әдетте, елеусіз себептермен, ауыр зардаптарсыз орын алады. Осы фактілердің барлығына бөлімшелер мен әскери құқық қорғау органдарының қолбасшылығы уақтылы ден қояды. Барлық бөлімшелерде жауапты офицерлер мен сержанттар, психологтар, әскери полиция өкілдері тұрақты негізде жұмыс істейді», — делінген жауапта.
Басқа ведомстволар берген нақты санды көрсетпей, Қорғаныс министрлігінің адамды пайыздармен тұспалдап көрсете салғаны қалай? Адам өмірі – жай ғана пайыздар ма? Жақсылықов ведомствосының жауабы да кереғар: «әскери қызметшілер асығыс әрекеттер жасайды» деп жауапкершілікті сарбаздардың өзіне ысырғысы келеді де, тағы бір жолында «жауапкершіліктен қашпаймыз» деп ақталады.
Армия, сарбаздардың өміріне деген осындай қарым-қатынастың сеңі қашан бұзылады? Қорғаныс министрі болсын, Ұлттық ұлан немесе Шекара қызметінің бастығы болсын қоғам сіздерден бір ғана сұрақтың жауабын білгісі келеді – армиядағы өлім қашан тоқтайды, мырзалар?!