Алакөлге апарар жол ел игілігіне берілді
Қазақстандықтардың сүйікті туристік бағытына айналған Алакөлге Алматыдан апаратын «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» жол торабы қайта жаңғыртудан өтті. Жол құрылысы аяқталып, халықтың игілігіне табысталды. Енді Алакөлге автокөлікпен қатынайтын жолаушылар теп-тегіс трассамен жайлы әрі жылдам жете алады. Автожолдың мүмкіндіктері мен сапасын «Матрица» тілшісі барып, көріп қайтты.
Тақтайдай тегіс жол
768 шақырымға созылып жатқан «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолы үш облысты – Жетісу, Абай, Семей облыстарын қиып өтеді. Халықаралық дәліз Қазақстанды Ресейдің Қиыр Шығысымен және Қытаймен жалғайды.
Қайта жаңғыртудан өткен жолдың ұзындығы 314 шақырым. Жөндеу жұмыстарымен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы айналысты. Жаңғырту барысында трассаның техникалық мүмкіндігі жақсарды: 32 шақырым 4 жолақты болып кеңейтілсе, 282 шақырым 2 жолақпен қалды, бірақ ені 9 метрге дейін ұзартылды.
Жолдың жоғары қабатына қиыршы тасты-мастикалық асфальт жабынды төселді. Құрылыс барысында 500-ден аса жол-құрылыс техникасы мен 700-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды. 5 асфальт-бетон зауыты іске қосылды. Мысалы, Сағабүйен елді-мекенінде орналасқан зауыт жол құрылысы кезінде бір ауысымда 3 мың тоннаға дейін асфальтпен қамтамасыз етіп отырды. Инженерлердің айтуынша, жердің ылғалдығы мен климатқа қарай әр жерге құрамы әр түрлі асфальт төселеді. Сапа стандартына сай, әр 600 метр сайын жабындының құрамы тексерілді. Бұл асфальттің ұзақ жылға шыдас беруі үшін жасалады.
Сонымен қатар, Қабанбай, Үшарал және Жансүгіров ауылдарының маңында жол-эксплуатация учаскілері салынып жатыр. Бұл қысы-жазы жолды күтіп ұстау, қыста қарын тазарту, тұз себу, үгітілген жерін қалпына келтіру секілді жұмыстармен айналысатын мекеме. «ҚазАвтоЖол» өкілдерінің айтуынша, жолды күтіп ұстау жұмыстарының арқасында трассаның қызмет ету мерзімін 10-12 жылға дейін жеткізуге болады.
Жолаушыға жасалған жағдай
Сапарға шыққан жанға қауіпсіз әрі тегіс жолдан басқа не керек? Әрине, тоқтап демалатын орын мен таза дәретхана. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 12 демалыс алаңы және 10 заманауи санитарлық-гигиеналық торабын ашу жоспарланған. Оның ішінде 4 санитарлық-гигиеналық торап қолданысқа берілді. Онда дүкен, дәретхана, душ, намазхана секілді жолаушыға қажет қызметтер ұсынылған. Айтпақшы, мұндай санитарлық тораптарды жергілікті кәсіпкерлер жалға алып отыр. Жалдау құнын төлемейді, тек жолаушыларға таза әрі жайлы жағдай жасап отырса болғаны. Бұл жергілікті бизнеске жақсы мүмкіндік деуге болады.
Транзиттік торап
«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолы арқылы тәулігін 8 мың көлік жүріп өтсе, оның үштен бірі жүк транспорттары. Яғни, халықаралық торап Қытай, Ресей және Орталық Азиядағы алыс-беріс пен барыс-келісті қамтамасыз етіп отыр. Керуен жолы кімнің жерінде болса, пайда соныкі деген қағидаға сүйенсек, бюджетке транзиттік төлемнің түскені тиімді. Сол себепті, жолдың бір бөлігін ақылы ету қарастырған жөн.
Қорыта айтқанда, «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолын қайта жаңғырту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана емес, халықаралық транзиттік жүк тасымалы мен туризмге зор ықпал етеді. Автожолдың бұл учаскесі арқылы енді Алматы қаласынан Алакөлге дейін жылдам әрі қолайлы жетуге мүмкіндік беріп, еліміздегі ішкі туризмнің дамуына оң септігін тигізетін болады. Өткен жылы жазғы маусымда Алакөлге 3,8 млн турист келген екен. Жол жақсарған соң, туристер легі бірнеше есеге өсетіні анық.
Бұрын трассада көлік жүргізушілері көп уақыт жоғалтса, енді тақтайдай теп-тегіс жолмен үш облысты жылдам жүйткіп өтуге болады.
Айтпақшы, жолда тосын жағдайға тап болған жүргізушілер «ҚазАвтоЖолдың» тегін көмегіне жүгіне алады. Ол үшін 1403 нөміріне хабарласуға болады.
Фото: “ҚазАвтоЖол” баспасөз қызметі