Шымкент

Шымкент әкімдігі 46 млн теңге тұратын жер телімін заңсыз жекешелендірген

Шымкентте саябақтар мен скверлер аймағындағы 46 миллион теңге тұратын бір гектардай жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оtyrar.kz хабарлауынша, жер учаскесі Шымкенттің беделді ауданында орналасқан. 12 жыл бұрын оны Шымкент әкімдігі жеке меншікке беріп, 2014 жылы бұл территория «REAL PACK» ЖШС компаниясына қайта рәсімделген.

Жер ресурстарын басқару департаментіндегілер жердің заң бұзу арқылы берілгенін анықтады. Сондықтан іске пропурорлар араласып, сотқа жүгінген. Олардың талап-арызы қанағаттандырылғанымен, жеке компания сот шешіміне апелляциялық шағым берген.

«Шымкент қаласы жер ресурстарын басқару департаменті 10.05.2011 жылғы жекешелендіру келісімшарты негізінде Шымкент қаласы әкімдігінің 521 нөмірлі қаулысымен К.Тұрдыбековке жалпы ауданы 0,9326 га жер учаскесін ақылы ұзақ мерзімді пайдалану құқығымен берілгенін анықтады. 13.08.2011 жылы К.Тұрдыбеков пен «Отау Транс Сервис и К» ЖШС арасындағы сатып алу-сату шарты негізінде жер учаскесі «Отау Транс Сервис и К» ЖШС-не қайта рәсімделді (кейін «Биік белес» ЖШС болып өзгертілді). Шымкент қаласы әкімдігінің 01.02.2012 жылғы №121 қаулысымен жер учаскесі жеке меншікке берілді. 25.07.2014 жылы сатып алу-сату шарты негізінде жер учаскесі «REAL PACK» ЖШС-не қайта рәсімделді. Алайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес, жер учаскесі жалпы пайдаланудағы аймақта, яғни саябақтар мен скверлер аймағында орналасқан», – деді Шымкент жер ресурстарын басқару департаментінің құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Дархан Мұхамедиев.

Осы уақыт аралығында Арбат маңындағы жерде кәсіпкер бірнеше қабат ғимарат көтеріп тастаған. Объект паспортына сәйкес, бір жылдан соң ол жерде сауда-ойын-сауық орталығы ашылуға тиіс. Құрылыстың сүрілетін-сүрілмейтінін сот шешеді. Ол үшін ГАСК қызметкерлері сараптама жүргізуі керек.

Другие новости

Back to top button