«Сырғымадан секірген»: Маңғыстау облысындағы демалыс орнында 17 жастағы жігіт көз жұмды (видео)
Жігіт сырғымалар арқылы суға секірген. Бұдан кейін оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметкерлері жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Редакция түсініктеме алу үшін Tree of Life демалыс орталығының өкілдерінен сұрады.
«Бұл жағдай бойынша ешнәрсе айта алмаймыз. Өйткені бұл жағдайдың сырғымаға түк қатысы жоқ. Тек оқыс оқиға Tree of Life аумағында болды. Жігіт жай ғана өзін нашар сезінді, оны жедел жәрдем алып кетті», – деп түсіндірді демалыс орталығындағылар.
Маңғыстау облыстық жедел жәрдем және жедел медициналық жәрдем станциясы мамандар тобы оқиға орнына жіберілді деген ақпаратты растады. Мамандар оқиға 8 шілде күні болғанын мәлімдеді.
«Сағат 14:26-да Tree of Life сауықтыру орталығына 2007 жылы туылған азаматтың суға батып кеткені туралы хабар келіп түсті. Бригада келгеннен кейін қайтыс болғаны расталды», – деп хабарлады станция.
Еске салайық, бұған дейін желіде Алматыда айналмалы дөңгелек астында жатқан әйелді көрсететін видео пайда болды. Куәгерлердің айтуынша, оқиға Горький саябағы деген атпен белгілі орталық демалыс саябағында болған. Кейін әйел өлер алдында қызын тұншықтырып өлтіргені анықталды.