Қазақстанда дәрілік заттар таңбаланбай жатып дәрі-дәрмектің бағасы 50%-ға өскен
Қазақстанда дәрі-дәрмекті таңбалау нормасы енгізілгеннен кейін дәрілік заттар 200%-ға қымбаттауы мүмкін. Қымбатшылықтың кесірінен шағын дәріханалар жабылып жатыр. Отандық фармацевтердің айтуынша, дәрілік заттарды таңбалау шағын ауылдардағы кішігірім дәріханаларға зиянын тигізуі мүмкін. Ал фармацевтикалық бақылау комитеті аталмыш шара контрафактілік өнімдермен күресуге көмектесетінін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
1 шілдеден бастап дәрілік заттарды таңбалаудың бірінші кезеңі басталады. Енді дәріхана иелері дәрі-дәрмекті тек QR код арқылы сатады. Мамандардың айтуынша, бұл норма дәрілік заттардың бағасының өсуіне әсер етеді. Салдарынан қарапайым халықтың қалтасы қағылып, қымбатшылық құрбаны болады.
“Қазірдің өзінде баға 40-50%-ға өсті. 4-5% деген өтірік. Қазірдің өзінде 50%-ға қымбаттады. Таңбалау енгізілгеннен кейін ол 200% болады. Өйткені күн сайын тауар қымбаттап жатыр. Күн сайын жаңа жүкқұжат, бұл бағаның өсіп жатқанын білдіреді”, – дейді дәріхана басшысы Елена Чернобиль.
Айтуыларынша, қымбатшылықтың кесірінен шағын дәріханалар жабылып жатыр.
Сондай-ақ дата матрикс кодтың бір данасы 2 теңге 40 тиын тұрады. Ал ол бағасы 450 мың еуродан басталатын жабдық арқылы қолданылады. Қазақстан фармацевтері қауымдастығы басшысының айтуынша, сауда желісінің әрбір өкілі үшін шығындар айтарлықтай артып, дүкен сөрелеріндегі бағаға әсер етеді.
“Парацетомол қазір 130 теңге тұрса, ертең таңбалау енгізілгеннен кейін 300-400, тіпті 500 теңге болатын шығар. Біздің көршілес Ресейде таңбалау енгізілгені байқалады. Бүгін сіз шприцті 25 теңгеге сатып алдыңыз делік. Егер оны 75 теңгеге кодтасақ, ол 100 теңгеге шығады. Бұл дәрі емес, жай шприц”, – дейді қазақстандық тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы Талғат Омаров.
Мамандардың айтуынша, дәрілерді таңбалаудағы басты мақсат – дәрі-дәрмек саудасындағы заңсыздықтардың алдын-алу. Фармацевтикалық бақылау комитетінің өзі дәрілік заттарды таңбалау көлеңкелі экономикамен күресуге көмектеседі деп есептейді.
“Таңбалау дәрілік заттардың заңсыз айналымын тоқтатуға көмектеседі. Ол дәрі-дәрмек бағасын, сондай-ақ кәсіпкерлердің салық салымдарын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар таңбалау бағдарламалық құралы интернет арқылы жүзеге асады. Дегенмен Қазақстанның шалғай ауылдарының барлығында интернет тұрақсыз, кей жерлерде мүлдем жоқ. Фармацевтер таңбалау енгізілгеннен кейін ауылдардағы шағын дәріханалардың көпшілігі жабылып қалады деп қорқады”, – дейді фармацевтикалық және медициналық бақылау комитетінің бөлім меңгерушісі Жанар Ордабекова.