«Кіші сержант ұрған»: Жамбыл облысында әскерге 1 ай бұрын аттанып, жансақтау бөліміне түскен сарбаздың жақындары мән-жайды айтып берді
Жамбыл облысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбазы Нұржігіт Әбділпатта жансақтау бөліміне түсті. Бір ай бұрын әскерге өз еркімен аттанған 19 жастағы жігіт қазір өлім аузында жатыр. Оның аға-жеңгесі Нұржігітті кіші сержант ұрып-соққанын айтады. Жігіттің жақындары іс жылы жабылып қалады деп қорқып, Stan.kzредакциясына жүгінді.
Қостанайлық Нұржігіт Әбділпатта әкесінен ерте айырылып, анасының тәрбиесінде болған. Үйінде жалғыз бала. Соған қарамастан ол 17 мамырда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, Отардағы 30/212 әскери бөлімшесіне жіберілген. Әскерге кеткеніне 1 ай да болмаған жігіт 29 маусымда ант қабылдауы керек еді. Бірақ 9 маусымда оның комаға түскені туралы хабар келген.
Жігіттің жақындары әлімжеттіктің салдарынан осындай жағдай болды дейді. Әскердегі жігіттер де болған жағдайды айтып беріпті.
“Оның оң қалтасында тамаққа себетін спрей болған. 6 мамырда сапқа тұрған кезде спрейді тамағына сеппек болған. Қалтасына қолын салған кезде кіші сержант Тұрлан Дастан ішінен, оң жақ көкірегінен ұрған. Соққыдан Нұржігіт 2-3 минут дем ала алмай, отырып қалады. Орнынан тұрғанымен, біраздан кейін ауырып тұрғанын айтқан. Демала алмай, жағдайы нашарлай береді”, – деді сарбаздың жеңгесі Ақпек Тұрғанай.
9 маусымда сарбаз таңғы 9-дарда ауруханаға түскен. Ал 11:00 шамасында жүрегі тоқтап, клиникалық өлім тіркелген.
“Ауруханаға түскен кезде дәрігерге “мені кіші сержант ұрды” деп айтып үлгеріпті. Содан кейін есін жоғалтты. Дәрігерлер әскери полицияны шақырған. Сонда іс қозғалды, бірақ іс жылы жабыла ма деп қорқамыз. Себебі әскердегілер кіші сержанттың сөзін сөйлеп отыр, қамауға да алмады”, – деді ол.
Аталған іске 7 адам куәгер болыпты.
Фото: Ақпек Тұрғанайдың жеке архиві
Айтуынша, жігіттің денсаулығында бұған дейін ешқандай кінәрат болмаған, аралас жекпе-жекпен айналысқан, спортқа жақын екен. Әскерде жүрген кезінде де шағым айтпады дейді.
“9 маусым күні 16:30-да бізге хабарласып, баланың жағдайы ауыр екенін және Қордайдағы орталық аурухананың жансақтау бөліміне түскенін айтты. Қазір жағдайы өте ауыр, қимылдамайды, өкпені жасанды желдету аппаратымен жатыр. Аппаратты өшірсе, ол көз жұмады. Дәретке бара алмағасын диализ қойды. Трахеясына ота жасайын деп жатыр. Алматы мен Астанадан реаниматологтар келіп, консилиум жасайды. Алайда басқа қалаға алып кете алмайды, себебі артық қимылдатуға болмайды. КТА-ға түсірудің өзіне қолхат жаздырып алды. Кушеткадан кушеткаға ауыстырудың өзі қауіпті. Қан қысымы 30-ға түсіп кетті”, – деді жеңгесі.
Бұған дейін Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы сарбаздың жағдайы туралы пікір білдіріп, ауыр халде екенін хабарлаған.
«Науқас 9 маусым күні Гвардейск әскери госпиталінен жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Қордай орталық аудандық ауруханасына “полисегментальды пневмония” диагнозымен жатқызылды. Науқас клиникалық өлімді бастан кешкен. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы өте ауыр, көптеген мүшелер жеткіліксіздігі байқалады. Атап айтқанда, тыныс алу, жүрек, бауыр, церебральды және инфекциялық токсикалық шок белгілері бар. Гемофильтрация және дәрі-дәрмекпен емделеді», — делінген хабарламада.
Полиция Қылмыстың кодекстің 451-бабы “Билікті асыра пайдалану” бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді. Әзірге тергеу жүріп жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында сарбаз жансақтау бөліміне түскені айтылды.