Қазақстанда несиені тағы кешіру амалдары қарастырылып жатыр
Ulysmedia.kz тілшісіне бұл жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтып берді.
ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатынан кейін Олжас Қизатовқа Ulysmedia.kz тілшісі бірнеше сұрақ қойды.
– Ресми ақпарат бойынша Қазақстанда 8,4 млн адамның тұтынушылық несиесі бар. Соның ішінде 1,5 млн адам несиесін уақытында төлей алмай жатыр. Сіздерге жиі қойылатын сұрақ: жаңа сіз кредиторлардың мәселесі жөніндегі заңға президент қол қоюға кеткенін айттыңыз. Сол заң осы адамдардың мәселесін қалай реттейді?
– Оны екіге бөлу керек. Қазір банктерде, микроқаржы ұйымдарында, коллекторлардық агенттіктерде төлей алмағанына 90 күннен асқан 1,5 млн адамның қарызы бар. Біз енді кредиторлармен жұмыс істеуіміз керек. 1,5 млн адамның ішінде зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар адамдар бар – халықтың осал тобындағы қарызы бар адамдарды анықтаймыз да, кредиторлармен сөйлесеміз.
– Яғни, олардың қарызын кешіруді сұрайсыздар ма?
– Кешіру мәселесі бойынша сөйлесеміз. Қазір кредиторларға “кешіріңдер” деп тапсырманы кесіп-пішіп бере алмаймыз. Келісімшартқа олар кезінде қол қойған. 90 күннен асып кеткеннен кейін келісімшартқа сәйкес, олардан өндіріп алады. Кредиторларға “кешіріңдер” деп тапсыра алмасақ та, олармен сөйлесіп, мәселені қарастырып жатырмыз.
– 1,5 млн адамның ішінде қанша адам осал санаттағы қатарға жатады. Шамамен айта аласыз ба?
– Қазір шамамен де айта алмаймын.
– Ал олардың толық қарызы кешіріле ме, әлде белгілі бір сомаға дейін ғана ма?
– Әртүрлі “моменттерді” қарастырып жатырмыз. Банктер болсын, микроқаржы ұйымдары болсын – бәрі бір сәтте қарызды кешіре салмайды. Себебі олардың капиталы төмендеуі мүмкін. Кейбіреулерге қарызын бөліп төлеу мүмкіндігін жасап, кейбіреулердің белгілі бір сомасын кешіру – әртүрлі нұсқалар бар ғой.
– “Қазір мен Қазақстанда азаматтардың несиесін кешіргелі жатыр” деп жазсам, адамдар бірден басқаша ойлап қалуы мүмкін. Бірақ сөз ауаныңыздан осыны айтқыңыз келіп тұрған секілді.
– Ол тек қарастырылып жатыр. Қазір “кешіріледі” деп айтудың қажеті жоқ. Мен айтып отырмын ғой, кредиторлардың оны өздері шешеді. Олардың өз шешімдері.
– “Жұмысты осы уақытқа дейін аяқтаймыз” деген жоспар бар ма?
– Жұмысты жылдың аяғына дейін бітіреміз деп ойлаймын. Қадағалау жоспарлары бар. Оларға өзгерістерді жылдың аяғына дейін енгіземіз деп ойлаймыз.
Қарыз қашан кешірілді
2019 жылғы 26 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» шыққан еді. Соның негізінде 3 млн теңгеге дейін қарызы бар 500 мың азаматтың борышы кешірілген. Азаматтардың қарызын кешіру мемлекет қазынасына 115 млрд теңгеге түсті.