Жетысуская область

Кеңсе пышағымен бауыздамақ болған: Талдықорғанда бұрынғы сүйіктісіне шабуыл жасаған ер адамның қорғаушылары бапты жұмсартуды сұрады

Талдықорғанда бұрынғы қызын кеңсе пышағымен бауыздаған жігіттің ісіне қатысты тың дерек белгілі болды. «Немолчи» қорының басшысы Дина Таңсәрі бапты өзгертуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Былтыр 27 қазанда қаладағы сұлулық салондарының бірінде 28 жастағы бойжеткенге бұрынғы жігіті шабуыл жасаған. Ер адам қызды соққыға жығып, жерге жатқызып, қылқындырады да, кейін кеңсе пышағын алып, қыздың мойнын тіледі.

Кейін жігіттің бір-екі күннен кейін үйқамаққа шығарылып, «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалғаны белгілі болды. Алайда қоғамдық наразылықтан кейін ол қайтадан қамауға алынып, іс «Кісі өлтіруге оқталу» деп өзгертілді. Кейін бұл іс бойынша полицейлер жазаланды.

Наурыз айының соңында Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына бұзақылық және бұзақылық ниетпен кісі өлтіруге оқталу бойынша іс келіп түсті.

«Сонда қоғам іс туралы ұмытып кетті деп бапты қайта өзгертпексіздер ме?» – деп жазды Таңсәрі.

Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі айыпталушының адвокаттары бапты неғұрлым жеңілірек бапқа өзгерту туралы өтініш бергенін түсіндірді.

«Жарыссөз барысында қорғаушы тарап сотталушы С.-ның әрекетін қайта саралау туралы өтініш берді. Алайда барлық ұсынылған өтініштер бойынша түпкілікті шешімді сот соңғы сот актісін шығару кезінде кеңесу бөлмесінде қабылдайды», –  делінген хабарламада.

Іс бойынша сот үкімі жақын күндері жарияланады.

Другие новости

Back to top button