Госорганы

Дизель түгіл бензиннің өзі кейбір жерлерде арнайы талонмен сатылып жатыр — депутат

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан жанармай (дизельдік отын) тапшылығы дихандарды қос өкпеден қысып тұрғанын айтты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Келесі сапар өзімнің кіндік қаным тамған Кеген ауданында жалғасты. Аудандық мәслихат депуттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, елдің ақсақалдарымен жүздесуде бүкпесіз әңгіме болды. Алғашқы болып сөз алған ел ағалары Сабыр Досымбеков пен Халық Зықаев әлеуметтік мәселелерге қатысты түйткілдерді айтты. Ауылшаруашылығына қатысты жайттар жетіп артылады. Әсіресе, тура науқан қызған кезде жанармай (дизельдік отын) тапшылығы дихандарды қос өкпеден қысып тұрғанын жеткізді. Тек Кеген өңірінде ғана емес, өзге де аймақтарда ел бұл мәселені айтқан, — деп жазды депутат.

Ол Энергетика министрі жанармай тапшылығы жоқ деп есеп бергенімен, елде жағдай мүлде басқаша екенін айтқан.

Сонау ақпан айында Энергетика министрі Болат Ақшолақов мырза Мәжіліске келген уақытта күзгі науқанға қатысты күдігімізді айтқанбыз. Оған еш негіз жоқтығын, алдын ала іс-шаралар қабылданатынын айтқан. Күні кеше, 2022 жылғы 3 тамыз күні ОКҚ брифингінде министр мырза тағы да «Елде жанармай тапшылығы жоқ. Бізде жанармай құю станциялары жанар-жағармай құю бекеттеріне қанша көлік кіретінін, қанша кететінін анықтайды. Олар өздерінің орташа шығындарын біледі, соның негізінде мұнай базаларынан немесе зауыттардан жанармайға тапсырыс береді» деп кесіп айтты. Ал өңірлердегі жағдай осы болып тұр…, — деді ол.

Ол қанша тапсырма орындалмай желге ұшіп жатқанын да айтқан.

Тіпті, дизель түгіл бензиннің өзі кейбір қалалы жерлерде арнайы талонмен ғана сатылып жатыр. Ел Президенті сала басшыларына, мұнай-газ компанияларының жетекшілеріне жылдың басында қатаң тапсырма берді. Үкіметке бірнеше бағытта нақты міндеттер жүктеген. Қаншама тапсырма желге ұшып, орындалуы кешеуілдеп жатыр? Бұл — не қайшылық? Әлде, халықтың ішкі наразылығын қоздыру ма?, — деді  Жанарбек Әшімжан.

Барлық құқықтар қорғалған. baq.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз: https://baq.kz/dizel-tugil-benzinnin-ozi-keybir-zherlerde-arnayy-talonmen-satylyp-zhatyr-deputat-285705/

 

Другие новости

Back to top button