Жамбылская область
Жамбылдық шаруалар шіріп жатқан өнімін қоқысқа тастау үшін ақша төлеуге мәжбүр
Жамбылдық шаруалар қоймаларында қалған мыңдаған тонна пиязды халыққа тегін таратып жатыр. Себебі тауарға сұраныс жоқ, сатылым бағасы 10 теңгеге дейін төмендеген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Almaty телеарнасына сілтеме жасап.
Ал шіріп жатқан өнімді диқандар қоқысқа тастауға мәжбүр. Қазір өңірдегі қоймаларда былтырдан қалған 138 мың тонна пияз бар.
«Отыз тоннадай шығардым, әрбір машинаға 45-50 мың теңге жұмсалды. Қоқысқа алмайды, оған да ақша төлеп жатырмыз. Ашық далаға төге алмайсың, сасиды, мал жемейді», – деді шаруа Хусейн Бешлиев.
Еске салсақ, өткен жылы Жамбылда 780 мың тонна өнім жиналған. Бұл рекордтық көрсеткіш болатын. Дегенмен өңірде өнімді өткізу жағы реттелмеген.