Шымкентте жастарға салынған көпқабатты үй бес жылға жетпей қирап жатыр
Сапасыз құрылыстың қабырғаларына сызат түсіп, саусақ сиятындай жарықтар пайда болған. Үйдің төбесінен су сорғалап, жертөлесін нәжіс басқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындардың айтуынша, 62 пәтер иесі ащы иіске тұншығып отыр. Шымкенттер тиісті орындарға мәселесін сан мәрте айтқанымен, еш нәтижесі болмаған. Ал шенеуніктер қабырғадағы жарықшалар «қалыпты нәрсе» деп қол қусырып отыр.
Пәтер иелері қабырғадағы сызаттарды түсіріп, әр жауын-шашыннан соң шенеуніктерге жіберіп үйренген. Нөсер төккен сайын төменгі қабаттарға дейін малмандай су болып, пәтер жылымайды екен. Тұрғындар электр пешін өшірмейді. Бұл аздай, екі жылдан бері көпқабатты үйдің қабырғаларында сызат пайда бола бастаған.
Қазірдің өзінде бірнеше пәтердің қабырғасы өрмекшінің торындай өрнектеліп тұр.
«Мынаны қараңыз, міне, асты кетіп жатыр. Мынау ертең құлайды. Ана жақтан жел гуілдейді, бала-шаға, немерелер қыс бойы ауырды. Иә, арғы үймен сөйлесе береміз. Арғы жақта түнімен жылайды, оның дауысы бізге естіледі, біздікі оған естіледі. Мынаны қарашы, бәрі құлап жатыр. Кетіп жатыр, бөлініп тұр, бір ұрса түсіп қалады. Шөгілген. Асты мұздай. Бес жыл бұрын берілген үйдің жертөлесі де құрғамайды екен. Кәріз жүйесі бірер жыл бұрын істен шығып, нәжіс суы жайылған», – деді пәтер иесі Жұмағали Керімшиев.
Фото видеокадрдан алынған
Соның салдарынан жоғарыға су айдайтын сорғы істен шығып, алтыншы қабаттан ары ауыз су жоқ дейді тұрғындар. Дастан Марқабаев жертөледегі нәжістің иесі қолқаны қабатынын айтты.
«Жертөленің бәрінде дәреттер қалқып жүр. Жоғары қарай тарақан қаптаған. Оның бәрі айналып келген кезде кәрізден. Ол дұрыс жүргізілмеген. Жаздың күні демалу мүмкін емес. Төрт жылдан бері осыны көріп келе жатырмыз. Бес жыл кепілі бар үйдің өйтіп-бүйтіп бір жылы өтетін болса, ары қарай не болады?» – деді Дастан Марқабаев.
Тұрғындар үйді көзбен көрсін деп атқамінерлерді де шақыртқан. Жертөледен бастап, бірнеше пәтерге кіріп көрген жауаптылар «сызатта тұрған ештеңе жоқ» дейді.
Шымкент құрылыс басқармасының маманы Берік Тәліпов газоблоктан соғылған үйлерде мұндай жарықтар қалыпты жағдай деп айды аспаннан бір-ақ шығарды.
«Арасын екінші рет қалпына келтіріп шықсақ, мұндай жарық пайда болмайды. Басында бұндай газоблоктың нормасында бар. Жарықшақ береді. Кәріз құбырының ажыраған жерін қайта қалпына келтіріп, насос істен шықса, егер соның есебінен болса, онда мердігер мекемеге жүктеледі, насос ауыстырып беру», – деді Берік Тәліпов.
Жауапты маман, мердігер кеткен кемшілікті түзеуден қашпайды дейді. Бұған дейін төбені жауып берген құрылыс компаниясы енді ақауларды тізімдеп, күн жылына сызат түскен пәтерлерді қалпына келтіретін болды. Егер жұмыстан қашса, құрылыс басқармасы кәсіпкерді сотқа береді.
Еске салайық, Түркістан облысы Қазығұрт ауылындағы екі қабатты үйден бірнеше отбасы шұғыл эвакуацияланды. Бір жыл бұрын берілген ғимараттың бір бөлігінің қабырғасы қақ айрылып, едені опырылып кеткен.