«Дүрбелеңге салынбай, қорғанатын әрекет жасау қажет»: Мамандар жер сілкінген кезде не істеу керегін айтты
Алматыда жер сілкінісі кезінде баспанасын тастай қашқан көпшілік қабылдау нүктелерін паналады. Зілзаланың қайталануынан шошынған халықтың қорқынышы қанша уақытқа дейін созылуы мүмкін? Мұндай жағдайда адамдар өзін-өзі қалай қолға алу керек? Аталған сауалға психотерапевт мамандар жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Сөздің шыны керек” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Психотерапевт Дәуренбек Кударовтың айтуынша, адамда қорқыныш күшейген сайын үлкен фобияға айналуы мүмкін.
“Бұл жерде бірнеше фактор бар. Фобияға айналу, айналмауы адамның психикасының өзгешеліктеріне қарай бөлінеді. Кейбір кісілер өмірінде жер сілкінісі жағдайын өткеріп көрмеген. Демек бірінші рет болса фобияға айналады деген ықтимал азырақ болады. Егер бұрын мұндай жағдай болса стресс, қорқыныш, психотравмалары бар адамға мұның өзі бір триггер ретінде әрекет етеді. Бұрынғы жағдайларды есіне түсіріп, қорқынышын нығайта түседі. Психотравманың үш факторы болады, күтпеген жерден шығу, оқшаулану және драматизация процесі. Осы үш фактор бір жерден шығатын болса, онда ол психотравмаға айналуы мүмкін“, – деді психотерапевт Дәуренбек Кударов.
Сондай-ақ маманның сөзінше, адам дүрбелеңге түскен сайын өзін-өзі құтқару мүмкіндігі азая түседі.
“Жан-жақтағы адамдарға емес, бірінші өзіне қауіпті. Адам қатты қорыққан кезде өз-өзін құтқара алмайды. Істейтін қарапайым нәрселерді істей алмайды. Статистикаға қарасаңыз, адамдардың көбі дүрбелеңге салынғаннан көз жұмады. Сондықтан мұндай жағдайларда мен дүрбелеңге салынбаймын, өз-өзімді қолға алып, қорғанамын деген шешім қабылдау керек”, – деді Кударов.
Ал республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының маманы Жұлдызай Әлиеваның айтуынша, жер сілкінісі орын алған жағдайда адам бірінші кезекте тәніне мән беру керек.
“Өзіңіз жалғыз қалсаңыз ең бірінші адам тәніне мән беру керек. Адамның денесі мықты индикатор. Адам өзінің қалай тыныс алып тұрғанына, сол сәтте не істеу керектігіне мән берсе, эмоцияға берілмеуге тырысса ғана ретті әрекет жасай алады. Егер сырттағы дыбыстарға зейінін сала берсе адамда қорқыныш үдей береді”, – деді маман Жұлдызай Әлиева.
Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ.