Көлге аққан сарқынды су зиян болса, аққу ғана емес, өзге құстар да қырылар еді — биолог
Биология ғылымдарының кандидаты, орнитолог және тәуелсіз сарапшы, сондай-ақ Қазақстан құстарды қорғау одағының және мензбирлік орнитология қоғамының мүшесі, 16 жыл бойы Қаракөл көліндегі құстарды зерттеп жүрген Виктория Ковшарьдың пікірінше, Қаракөл көліне төгілетін сарқынды су аққулардың өліміне әсер етпейді.
Яғни көлдің биохимиялық құрамына қатты өзгеріс әкелмейді.
Тәуелсіз сарапшының айтуынша, көлге төгілетін органикалық заттар зиян тигізбейді, керісінше пайдалы.
«Егер ол зиян келтірсе, аққу ғана емес, басқа да құстар қырылатын еді. Еліміздің көптеген қалаларында сарқынды суды тазарту нысандары бар. Олар — Алматы маңындағы Сорбұлақ, Атыраудағы „Тухлая балка“ және Батыс тұндырғыш. Бұл жерлерде көп органикалық заттар бар, ол құстардың алуантүрлілігіне ықпал етеді», — дейді маман.
Еске сала кетейік, Маңғыстауда қырылған аққу саны 1 мыңнан асып кетті.
Алдын ала мәлімет бойынша, аққулардың жаппай қырылуы құс тұмауынан болған.
Кейін Қаракөлге Rixos-тен төгілетін қалдық судың қаншалықты лас екені жарияланды.