Госорганы

Жасөспірімдер бос жүрмеуге тиіс – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Мемлекет басшысы былтыр кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны 22% артқанын алға тартты. Айтуынша, полиция мектеп басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруға тиіс.

“Жас ұрпақтың тағдыры, өмірі мен денсаулығы бәрінен маңызды. Үкіметке балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесін мұқият саралап, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Жасөспірімдер бос жүрмеуге тиіс. Олардың шығармашылыққа, спортқа қызығушылығын арттыру жағына көбірек көңіл бөлу қажет. Балаларды еңбекке баулып, волонтерлық қызметке жұмылдырған абзал. Көзбояушылық үшін жасалатын жұмысты доғару керек”, – деді мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, президент есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қоюды талап етті. Сонымен қатар киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді.

“Мен бірнеше рет осы мәселеге қатысты тапсырма бердім. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ. Синтетикалық есірткінің қолжетімдігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек. Науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтату қажет. Ұрылар мен бандиттер түрмеде отыруы керек. Бұл – сіздердің криминалға қарсы әрекеттеріңіздің бірден-бір мақсаты. Қылмыстық топтармен ымырасыз күресу – сіздердің тікелей міндеттеріңіз әрі қызметтік борыштарыңыз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Другие новости

Back to top button