Госорганы

Ресей Қазақстан өнімдерін шекарада 20 күн бойы тексереді – Әшімбаев қарсы шаралар қабылдауды ұсынды

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ресей кеденінде қазақстандық кәсіпкерлерге әділетсіздік жасалып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Сенат отырысында спикер Ресеймен шекарадағы қазақстандық өнімдердің тым ұзақ тексерілетінін айтты. Мәулен Әшімбаев барлық қатысушылар үшін ереже бірдей болуы керек деп санайды және сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті тез арада тиісті шараларды қабылдауға шақырды.

«Әріптестерімнің барлығы аймақтарда болды. Өзім Атырау облысында болып, халықпен кездестім. Кездесулердің бірінде кәсіпкерлер Ресейге өнім жеткізген кезде олар 15-20 күнге дейін ветеринарлық, санитарлық, фитосанитарлық сынды барлық тексеруден өтуге мәжбүр болатынын айтты. Неге ол өнімдер бізге жеткізіліп жатқанда, ветеринарлық, санитарлық, фитосанитарлық және басқа да бақылау түрлері тиісті деңгейде жүргізілмейді? Бұл – екі жақты жол. Серіктестеріміз тексерсе, біз де тексеруіміз керек. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығын  қамтамасыз ету», – деді Әшімбаев.

Сенат спикері мұндай сұрақтар жайдан жай қойылмайтынын атап өтті. Сөзінше, қазақстандықтар мұндай жағдайларға жиі тап болады.

«Өңірлерде тұрғындар осы сұрақтарды қойып жатыр, бұл нені білдіреді?! Мемлекеттік органдар тарапынан тиісті жұмыс жоқ немесе біз келісімнің талаптарын тиісінше орындамай жатырмыз. Бір жерде бұл келісімдердің орындалуы жеткілікті түрде жүргізілмей жатқандықтан, оларды жүзеге асыру үшін тиісті шараларды қабылдау маңызды. Егер «ақпарат адамдарға жетпесе, бұл ақпаратты жеткізу қажет. Тиісті шараларды қабылдауымыз керек», – деп қосты ол.

Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев мәселені шешу үшін ахуалдық штаб құрылғанын, шекараларда көшпелі іс-шаралар өткізілетінін және осы бағыттағы жұмысты күшейтуге уәде бергенін айтты.

Бүгін сенаторлар құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою арқылы еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Хаттамамен кедендік шекарадағы мемлекеттік бақылау мәселелеріне қатысты ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Другие новости

Back to top button