Жел ұшырған желектер: Павлодар мен Семейде бас шырша құлап қалды
Павлодар мен Семейде құлаған бас шыршаның видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Әкімдіктері де түсініктеме беріп үлгерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Шыршаға зиян келген жоқ”
Павлодарда кеше қатты желдің қарқынын көтере алмай, бас шырша құлап қалды. Былтыр 21 желтоқсанда оны құруға 52 млн теңге жұмсалғанын жергілікті журналист Болат Аманбаев жазған еді.
Бұл жолы бас шырша құлағанда алаңға қала әкімі Хасар Қабылбеков жетіп барыпты. Бас шыршаның құлағанын көргісі келген жұрт та кеше алаңға барысқан. Қала басшылығы шыршаның негізгі құрылымына зиян келген жоқ деп сендіреді.
– Кейбір элементтер бұзылды, оны қалпына келтіруге болады. Шырша алдағы уақытта да пайдаға жарайды, – деп қосқан әкімдік.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда мұз қалашығы еріп кеткен еді.
Шырша Семейде де құлады
Семей қаласындағы қатты жел орталық алаңда орнатылған басты шыршаны жұлып түсірді. Қала әкімдігінің өкілдері оқиға фактісін растап, мердігер ұйымның сол жерге кеткенін хабарлады. Әкімдіктің хабарлауынша, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.
Семейдегі бас шырша 2023 жылдың 20 желтоқсанында орнатылып, салтанатты түрде ашылған. Оның биіктігі 19 метр, ал безендіру үшін 2000 метр жарықдиодты гирляндалар мен 100-ден астам ойыншық қолданылған. Шыршаның айналасында Аяз Ата мен Ақшақардың фигуралары да бар.