Восточно-Казахстанская область

«Кейде балалардың үстінде жүреді»: Өскеменде тарақан басқан үйде тұрып жатқан алты баланың анасы әкіммен жүздесе алмай жүр

Катонқарағай ауданынан Өскеменге қоныс аударған Жадыра Нұрғабденова баспана кезегіне үш жыл бұрын тұрған. Ол осы мәселе төңірегінде қандай өзгерістер болып жатқанын білу үшін қала әкімдігіне бірнеше мәрте барса да, тұщымды жауап ала алмай қайтқан. Жеті айдан бері алты баласымен жалдап тұрып жатқан пәтері тарақан өріп жүр. Онымен қоймай ай сайынғы төлемі де қымбатқа шығады екен. Stan.kzтілшісі мәселенің жай-жапсарына үңіліп көрді.

 

Алты баланың анасы қазір Астана көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде тұрып жатыр. Қыстың көзі қырауда баспана екені рас, бірақ қабырғада жүгірген жәндіктер көбеймесе азайған жоқ. Осы уақытқа дейін оларды улау мақсатында небір ұнтақты сеуіп көрген. Әр бөлмеде қаптап алған олар нанның қоқымынан бастап, ас ішетін ыдыстарды аралап жүретін көрінеді.

«Жарықты өшіріп, қайта жаққанда құжынайды. Кейде балалардың үстінде жүреді. Солармен бірге тамақ та ішеміз деуге болады. Өзім алғашқы жарнасын төлеп, үй алуға талпынып едім, «жалақыңыз жетпейтіндіктен сізге үй берілмейді» деді ипотека рәсімдейтін мекемелердің бірі. Балабақшадан алатын айлығым 80 мың теңге. Одан басқа балаларға берілетін жәрдемақы бар. Бірақ олар жалақыны ғана есептейді екен», – деді Жадыра Советханқызы.

Қала әкімдігіне алғаш рет барғанында 50 адамды қабылдапты. Алайда оған ілікпей қалған. Екінші мәрте ат ізін салғанда кіреберістегілер шаһар басшысын сол күйі шақырмаған көрінеді. Ресми, баспана кезегіне 2021 жылдың 30 наурызында тұрыпты.

«Жазылыңыз дейді, бірақ әкімнен пайда жоқ. Шын айтсам, оның түрін де білмейді екенмін. Шілде айында, сосын күзде тағы жазылдым, болмады. Қазіргі пәтеріме ай сайын 97 мың теңге төлеймін. Қалған 58 мың теңгесі үкіметтің жауапкершілігінде. Коммуналдық төлемдер мен суы бар. Жалпы алғанда, әр айдағы шығын 200 мың теңгеге таяйды», – деді көпбалалы ана.

Жадыра Нұрғабденова «Күміс алқа» иесі. Келісімшартқа сәйкес, қазіргі пәтерінде келер жылдың мамырына дейін тұра алады. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Айбек Салбановтың айтуынша, қазір ол баспана кезегінде 408-і болып тұр.

«Көрсетілген тізімдерге енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп саналады. Егер Заңнамада өзгеше көзделмесе, яғни, ҰОС ардагері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері, «Батыр ана» атағын алған немесе өзге де көпбалалы аналарды қоспағанда, ешкімнің де басым құқығы болмайды», – деді Айбек Айыпұлы.

Сайып келгенде, бөлім басшысы бос үйлер болған кезде мәселе шешілетінін жеткізді. Баспанаға құқылы санаттарды тізбелеп шыққанда ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері де көрсетілген. Демек, қала тұрғынының өтініш-шағымы заң тұрғысынан да орынды.

Көлемі 60 шаршы метр пәтерде жеті адам жеті айдан бері тұрып жатыр. Жадыра Нұрғабденованың балаларының алды 19-да. Ол С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Берел» баспа үйінде жұмыс істейді. Одан кейінгісі студент. Қалған төртеуі мектеп оқитын бүлдіршіндер. Аяз түсе терезелерді қырау басып, үйге суық кіре бастаған. Ендігісі баспанаға қашан қол жеткізе алатындарын білу үшін әкімдіктегілермен кездесуді күтіп жүр. Оған қоса, тұрғын-үй кезегі де тым баяу жылжып жатқан көрінеді. Жадыра Советханқызы соңғы рет барғанында «405-ші болып тұрсыз» депті.

Қала әкімінің қабылдауына қатысты оның орынбасары Ирина Смит жауап берді. Оның сөзінше, «Күміс алқа» иесі қала басшысы орынбасарының жеке қабылдауына жазылып қойды. Тек нақты қашан қабылдап, жүздесетіндерін қосымша хабарлайды.

Көпбалалы ана алты баласына бір өзі бас-көз. Жұбайымен бірге тұрмайды. Басқа ауданнан пәтер іздейін десе, кішкентайлары сол маңдағы мектепке үйреніскен, үйге де жақын. Жадыра Нұрғабденова тапқан-таянғаны күнкөріске жетпейтінін айтты. Алайда жеті адам қысылмай тұратын өз баспанасы болса, соның бәріне көндігуге әзір.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Другие новости

Back to top button