Ақтау теңіз портына мұнай тасымалдайтын жаңа танкерлер әкелінді
Танкерлер «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы мен Abu Dhabi Ports Group арасындағы ынтымақтастық аясында сатып алынды. Жаңа танкерлер «Қазақтеңізкөлікфлоты» серіктестігі мен International Maritime Investments Ltd компаниясы бірлесе құрған кәсіпорынға тиесілі.
Су көліктері 8 мың тоннаға дейін мұнай тасымалдауға қауқарлы. Танкерлер нидерландтық «Damen» концернінің верфінде салынған. Әрқайсысының ұзындығы – 140 метр, ені – 16,7 метр, ал шөгіндісі – 4,2 метр, жылдамдығы – 10 торап. Екі танкер де озық басқару жүйелерімен жабдықталған, олар барлық халықаралық қауіпсіздік стандарттары мен экологиялық талаптарға сай.
Кемелерді қабылдау іс-шарасына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Мұхаммед Саид Әл-Арики, ADP Басқарма Төрағасы Мұхаммед Джума Әл-Шамиси, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС Бас директоры Айдар Оржанов және басқа да қонақтар қатысты.
«Танкерлердің бірі БАӘ-дегі оазис-Liwa деген мекеннің атымен, ал екінші танкер Қазақстанның ежелгі қаласы-Тараздың атымен аталды. Жаңа танкерлерді сатып алу арқылы біз Транскаспий бағытын дамытуда маңызды қадам жасап отырмыз. Осыған байланысты бірлескен жобаны сәтті жүзеге асырғаны үшін стратегиялық серіктесімізге шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Жаңа танкерлер мұнай флотын жаһандық логистикалық нарыққа шығаруға жол ашады», — деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздің көлік-логистика саласын дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау көрсететінін айтты.
«Бұл танкерлерді сатып алу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық көмірсутек экспортының баламалы бағыттарын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылды. Біз әрқашан өңірімізді жан-жақты дамытуға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға дайынбыз. «Қазақтеңізкөлікфлоты» Ұлттық тасымалдаушысында іске қосылатын екі мұнай танкері еліміздің экономикасы мен көлік-логистика саласының дамуы мен өркендеуіне қызмет ететініне сенемін», — деді Нұрлан Ноғаев.
ADP басқарма төрағасы Мұхаммед Джума Әл-Шамиси қазақ еліне бірлеске жоба үшін алғысын білдірді.
«Бүгін Транскаспий бағытын дамытуға маңызды қадам жасалды. Abu Dhabi Ports Group басқарма төрағасы ретінде қазақ еліне бірлескен жобаны табысты жүзеге асырғанымыз үшін алғыс айтамын. Бірлескен кәсіпорын жаһандық логистика нарығына шығып, өз қызметін қарқынды дамытуға мақсат қойды. Флотты кеңейту де жоспарланған. Маңғыстау облысының әкімдігі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екені бізді қуантады», — деді Мұхаммед Джума Әл-Шамиси.
Іс-шарада екі ел әнұраны орындалып, кемелердің «өкіл аналары» қабылдау рәсімін өткізді. «Taraz» танкерін қабылдау құрметіне Қазақстанның білім саласындағы Еңбек ері, ардақты ұстаз Аягүл Миразова шақырылды. Ал «Liwa» кемесін БАӘ-ден келген Мубарака Әл-Мазроуей ханым қабылдады.
Танкерлерді желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Айта кетсек, 2023 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан мұнайы Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша жылына 1,5 млн тонна көлемде жөнелтіле бастады. Қазақстан бен Әзербайжан паритет негізінде мұнайды Ақтау – Баку теңіз бағыты бойынша тасымалдайды. Ал жаңа танкерлер қазақстандық тараптың жылына 750 мың тонна көлемінде мұнай тасымалдау міндеттемесін толық орындауға мүмкіндік бермек.