Выбор редакцииСоциум

«Әлсіз тұсын анықтап, жанды жеріне басады»: Психолог адам санасына әсер ететін манипуляцияның түрлері жайлы айтып берді

Әдетте, ақпарат кеңістігінде таралған алып-қашпа әңгіме, жалған жаңалықтар қоғамды дүрліктіріп, әбігерге салады. Мамандардың айтуынша, жалған ақпаратты таратушылар халықты иландыру үшін түрлі айла-тәсілдер қолданып, адам сезіміне әсер етеді. Психолог Ермек Нұрымов адам санасына әсер ететін амалдар мен манипуляциялар жайлы айтып берді.

 

Психологтың айтуынша, жалған ақпарат таратуды көздейтіндер – қоғамдық психологияны толық меңгергендер. Олар халық арасында қандай мәселе маңызды екенін алдын ала анықтап, соған сай адамдарға эмоцияға толы ақпарат жібереді екен.

“Жалған ақпарат манипуляцияға толы болады. Адамның әлсіз тұсын анықтап, жанды жеріне басады. Мысалы, қазір халық арасында несие, ақша мәселесі өзекті, қоғамның бұған қажеттілігі бар екенін біліп, жақында конституциялық соттың атынан фейк таратты. Яғни конституциялық сот қарыздардың бәрін кешіреді деп мәз болып соған сеніп қалды. Жалпы айтқанда, іші-бауырына кіретіндей экспрессивті сөздерді қолданады, осылайша эмоционалды түрде арбайды”, – деді маман.

Сондай-ақ фейк ақпарат таралу барысында онда аудиторияға шұғыл әсер ету элементі болады. Айтуынша, жалған жаңалықты шұғыл деп көрсетіп, оны таратушы адам асығып-аптығып сөйлейді, ал видео жылдамдығы жоғары болады. Оқырман немесе тыңдарман да осы қарқынға ілесіп, салқынқандылығын жоғалтады дейді.

“Мұндай ақпарат адамды асықтырады. Мәселен, “шұғыл”, “тез арада таратыңыздар, тезірек жақындарыңызды ескертіңіз”, “үлгеріңіз” деп бірден әрекетке шақырады. Яғни олар адамның ойлануына мүмкіндік те, уақыт та бермейді. Ал шынайы, бейтарап жазылған ақпарат оқырманның өзі шешім шығаруына жол сілтейді”, – дейді Нұрымов.

Ол фейк ақпараттарда жиі кездесетін манипуляция түрлерін атап көрсетті:

  • Рационалды сананы өшіруге тырысады. Сыни ойлауына мүмкіндік бермей, жалпы ойға ілестіріп әкетеді;
  • Мәселені әсірелеп көрсетіп, үрей тудырады;
  • Нақты бір адамды мысалға келтіріп, соның өміріне тоқталады. Жалқы жағдай бойынша қорытынды жасайды;
  • Стереотиптер мен бұрыннан қалыптасқан көзқарастарға жүгінеді. Әдейі бір топқа немесе бір қоғамға қатысты жеккөрушілікті оятады.

Маман ақпарат белгілі бір эмоция туғызса, бір шикілік барын айтады. Сол үшін іштей өз-өзіне сұрақ қою керек дейді.

“Мұны оқығанда неге мен басқаша эмоцияны бастан өткердім?”, “Қандай сезімдемін?” “Автордың мақсаты қандай?” деп ойланыңыз. Жаңалықтың ішінде ақпарат басым ба, әлде сезім басым ба, соған зер салған жөн. Манипуляция жасалып жатқан кезде адам өзін ыңғайсыз сезіне бастайды. Бұл да ыңғайсыздық сезімін қаншалықты тудырғанына және бұл сезімнің шығу тегіне мән берген жөн. Әрі ішкі тыныштықты сақтау маңызды”, – дейді Ермек Нұрымов.

Оның айтуынша, кез келген адам психологиялық айлаға ерік беруі мүмкін. Алайда эмоционалды интеллекті төмен адамдар жалған ақпаратқа жиі алданғыш келеді.

Эмоционалды интеллект дегеніміз – өзінің және өзгелердің сезімін, эмоциясын басқара алу, түсінісу қабілеті.

“Көнгіш, жуас адамдарды арбау, сендіру оңай. Сол үшін олар көбіне жалған ақпаратқа сеніп қалады екен. Манипуляцияның құрбаны болмас үшін тәрбиеге де мән беру қажет. Айтқанымен жүргізіп, өзінікін ғана дұрыс деп үйрететін, баламен санаспай, өзінің үстемдігін орнататын ата-ана ынжық, көнгіш балаларды тәрбиелейді. Олар осы әдеттің кесірінен кейін де оқығанының бәрін дұрыс деп қабылдайды. Іштей қарсыласу механизмі болмайды”, – деп түсіндірді ол.

Ермек Нұрымов толассыз ақпараттан толық шектелу де дұрыс емес деп санайды. Өйткені адам өзі сараптап, ішінен керегін таңдап, саралап үйренгені абзал дейді.

“Адам қателіктен үйренеді, содан сабақ алса болғаны. Әдетте жалған ақпараттың құрығына түскеннен кейін адамда сыни ойлау, күмәндану қабілеті пайда болады. Алайда оны өз бетінше қалыптастыру қазіргі заманда маңызды болып отыр”, – дейді психология маманы.

Другие новости

Back to top button