Ақтөбеде ата-аналардың шағымынан соң балабақшада тексеру басталды
Балабақшадағы көрініс әлеуметтік желіге кең тарап кетті.
Оқиға өткен аптада Ақтөбе қаласындағы жеке балабақшада болды.
— Балабақшаға бір үйден екі бала барады. Менің қызым кереуетте жатқан кезде екі қолын жоғары көтерген. Апайы сол қолынан жұлқып қалады. Егер қызымның қолы шығып кетсе кім жауапты болады? Ал ұлым жылап тұрған кезде еден жуып жүрген қызметкер резеңке қолғабы бола тұра баламды нұқып қалды. Шынымды айтсам, ешкімге айтпай кіріп барып, тексердім. Санитариялық талап сақталмаған, балалардың киімі кіреберісте еденде жатыр. Бір бала күртенің үстінде ұйықтап жатыр. Бала ойын бөлмесінің еденінде ұйықтаған. Асүйде балалар тамақтанатын орындық, үстел көрінбеді. Полицияға ата-аналармен барып, арыз жаздық. Өзім прокуратураға, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне, облыстық білім басқармасына да арыз жазылды, — деді ата-ана Гүлжайна Жулмағанбетова.
Ол өзі секілді ата-анамен бірге Ақтөбе облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне де барды.
Ал екі жастағы қызын осы балабақшаға берген Әсел Халидолла бірнеше сағат бойы баласы асүйден шықпағанын бейнебақылау камерасынан көріп, себебін сұрады.
— Алғашында балабақша жақсы болды. Бірақ 15 қараша күні қызымның қабағы жарақаттанып келді. Беті жылағаннан кейін ісіп кеткендей болды. Кешке ұйықтар кезде киімін ауыстырып жатқанда арқасында екі жарақат болды. Тәрбиешісі мен директорына телефон шалғаныммен, хабар болмай, ата-аналардың ортақ тобына айттым. Менде ғана емес, өзгелерде де сондай жағдай болған. Келесі күні дәрігерге апардым, жеңіл жараланған деп жазып берді. Меңгерушіге кінәлі адамды тауып, жаза қолдануды талап еттім. 17 қараша күні таңертең жұмыстан шығарылғанын растайтын құжат жіберді. Сол күні камера қарауға бардым. Таңғы сағат 7:30-дан басталған видеоны қарап, қызымды таппадым. Онда ойын бөлмесінде ғана камера бар. Ұйықтайтын жерінде де болмады. Демек асүйде ғана болған 5 сағат бойы. Тәрбиешісінен сұрағанда мардымды жауап ала алмадым, — деді Әсел Халидолла.
Оның айтуынша, сол кезде жұмыстан шығарылды деген маман қайта жұмысқа қабылданғанын білген.
— Облыстық білім басқармасына «ЛИАНАKZ Амир» ЖШС жеке балабақшасының ата-аналарынан балабақша қызметкерлерінің өз міндеттерін талапқа сай орындамауы, атап айтқанда, баланың құқықтарын өрескел бұзу, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтамау бойынша арыз берілді. Сол күні білім басқармасы Ақтөбе қаласы білім бөлімі қызметкерлерінің, «ЛИАНАKZ Амир» ЖШС жеке балабақшасы құрылтайшысы және меңгерушісінің қатысуымен жедел түрде кеңес өткізді. Жеке балабақшаның қызметін тексеру жөніндегі комиссия құрылып, жұмыс басталды. Комиссияның тексеру жұмысы аяқталған соң, қорытындысы бойынша «ЛИАНАKZ Амир» ЖШС жекеменшік балабақшасы қызметіне қатысты қабылданған шаралар туралы ақпарат қосымша ұсынылады. «ЛИАНАKZ Амир» ЖШС жеке меншік балабақшасы 2019 жылдың 16 сәуірінен бастап жұмыс істейді. 70 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылған, — деп хабарлады облыстық білім басқармасы.
Ал полиция Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша сотқа дейінгі тексеруді бастады.
Қылмыстық істі тергеу кезінде ата-аналардың барлық дәлелі тексеріледі.