Еңбек министрлігі жұмыстан шығуға мәжбүрлеп жатқан қызметкер мұндайда не істеуі керек екенін айтты
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов жұмыс беруші жұмыстан кетуге мәжбүрлейтін қызметкер не істеуі керек екенін түсіндірді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Бір ірі компанияның қызметкерлері жәрдемақысыз жұмыстан шығу туралы өз еркімен арыз жазуға мәжбүр, бірақ жұмысшылар жұмыстан кеткісі келмейді, не істеу керек?”, – деп сұрады журналист брифингте.
“2016 жылы Еңбек кодексіне өзгерістер енгізген кезде біздің алдымызда еңбек қатынастарын ырықтандыру міндеті тұрды. Либерализация дегеніміз не? Бұл жеңілдету, яғни біз қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы барлық қатынастарды шарттық қатынастарға көшірдік. Бұл ретте мемлекет ең төменгі стандарттарға бақылауды сақтап қалды”, – деді Оспанқұлов сұраққа жауап беріп.
Оспанқұловтың айтуынша, басты мәселелердің бірі – қазақстандықтардың еңбек шартынсыз жұмыс істеуінде болып тұр.
“Яғни, бұл жасырын жұмыс. Екіншіден, олар ақшаны конвертпен алады. Үшіншіден, қызметкерлер өз құқықтарын білмейді, ал жұмыс беруші өз қызметкерін кез келген уақытта жұмыстан шығара алады. Әрбір қызметкер білуі керек болса да: қызметкерді жұмыстан шығару үшін жұмыс беруші ұстануға тиіс ресми процедура бар. Бұл Еңбек кодексінің 52-бабы, оған сәйкес жұмыс беруші осы тәртіптерді сақтауға міндетті”, – деді ол.
Сонымен қатар, Оспанқұлов бүгінгі күні әрбір кәсіпорында осы еңбек дауларын қарау және өз жұмыскерлерінің құқықтарын қорғау мақсатында құрылған келісім комиссиялары мен кәсіподақтар бар екенін атап өтті.
“Қалай болғанда да, тексерумен келе алатын мемлекеттік еңбек инспекциясы бар, келесісі – сот органдары. Осы орайда айтарым, жұмыс берушінің жай ғана келіп: «Сен бүгіннен бастап жұмыстан босатылдың» немесе: «Бүгіннен бастап жұмыстан қысқартылдың» деп айтуға құқығы жоқ. Сондықтан мұндай фактілер болса, кәсіпорын ішінде бұл мәселелер шешімін таппаса, кәсіпорынның орналасқан жеріндегі инспекцияға немесе осы жердегі біздің комитетке тікелей хабарласыңыз. Біз сіздің еңбек құқықтарыңызды қалпына келтіру шараларын қабылдаймыз”, – деп уәде берді Төлеген Оспанқұлов.