10 мыңнан астам ақбөкен ауланды: БҚО-да киік еті қаншадан сатылып жатыр
Ет комбинаттары ақбөкендер етінің келісін 315 теңгеден сатып алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірде қанша киік атылғанын айтты.
«Бүгінгі таңда бізде, соңғы ресми есептеулер бойынша 1,3 млн бас ақбөкен бар, ал халықтың айтуынша, олардың саны 2 млн-ға жуық. Биылғы жылы Батыс Қазақстан облысының аумағында алғаш рет ақбөкендердің санын реттей бастадық, бізге 20%-ға дейін атуға рұқсат етілді. Бүгінде барлығы 15 атқыштар бригадасы жұмыс істейді», – деді ол.
Әкімнің айтуынша, облыста киік етімен 8 ет комбинаты айналысып жатыр. Комбинаттарға киік етінің келісі 315 теңгеден жеткізіледі. Олар әрі қарай 1200 теңгеден сатады.
Киіктің етінен бөлек, мүйізін де сату көзделіп отыр. Жуырда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстан ақбөкендердің мүйізін Шығыс елдеріне сататынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мүйіздер қазір сатылмайды, өйткені бұған CITES – 1973 жылы Вашингтонда өткен Халықаралық табиғатты қорғау одағының қарары нәтижесінде қол қойылған халықаралық үкіметтік келісім бойынша тыйым салынған.
Киіктер ауыл шаруашылығына қандай залал келтірді
Ерлан Нысанбаев бұдан бұрын елімізде киік саны тарихи көрсеткіштен асып кеткенін мәлімдеген. Оның дерегінше, 2003 жылы киік саны бар-жоғы 21 мың болды.
«Ал 1993 жылы 1 млн 200 мың бас бар еді. Мемлекеттің қамқорлығының арқасында киік саны 1 млн 900 басқа жетті. Мұның ішіне биылғы көктемгі төлін қоспадық. Жалпы, киік – өсімтал мал. Келесі көктемде санақ өтеді. Бірақ қазірдің өзінде ең төменгі 30 пайыздық болжамды алғанның өзінде бүгінде 600 мың бас киік қосылып отыр. Бүгінде киік саны 2 млн 600 мыңның үстінде болады», — деді министр.
Ерлан Нысанбаев киіктерді түнгі уақытта ату көзделіп отырғанын айтты. Министрдің айтуынша, ақбөкендер ауыл шаруашылығына 12 млрд теңге шығын әкелген.