Елдегі сирек металдар туралы мәліметтер құпия деректер тізімінен шығарылады
Аталған ұсыныс министрлік әзірлеген «Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары» жобасында көрініс тапқан.
«Кейбір сирек металдар мен барлық сирек жер металының баланстық қоры туралы мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу салаға инвестиция тарту процесіне теріс әсер етеді. Бұл ақпарат әлеуетті инвесторлар үшін қолжетімді болуы қажет. 2021 жылғы тәжірибе көрсеткендей, бірқатар сирек металдың баланстық қорын, соның ішінде литийді құпиясыздандыру осы салаға инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушы қазақстандық екі кәсіпорын неміс компаниясымен литий кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге шарттар жасасты», — деп жазылған Ашық НҚА сайтында жарияланған кешенді жоспар жобасында.
Осылайша министрлік өкілдері сирек металдың жекелеген түрлерінен құпиялылық режимін алып тастауды ұсынып отыр.
Жоспар жобасында бұл шара 2024-2025 жылдары Әділет министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің мақұлдауы негізінде шешімін табуы керектігі айтылған.
Қазақстанның жер қойнауында вольфрам, молибден, бериллий, цирконий, гафний, ниобий, тантал, висмут, литий, цезий және рений сияқты сирек металдардың қоры, сондай-ақ «сирек жер металы» дейтін санатқа жататын иттрий, лантан, церий, празеодим, неодим, самарий, еуропий, гадолиний қоры кездеседі.
Олардың ішінде инвесторлар үшін ең тартымдысы мыналар:
— ванадий қоры (Құрымсақ, Бала-Сауысқандық);
— титан және цирконий (Қараөткел, Обуховская, Шоқаш, Шпаковка, Құмкөл, Сабындыкөл, Прогнозное, Горьковское, Березовское, Заячья, Дружба, Ақеспе);
— тантал мен ниобий ( Жоғарғы Ырғыз, Кварцевое, Жоғарғы-Баймурзин, Қалай-Тапқан);
— литий бойынша (Юбилейное, Жоғарғы-Баймурзин, Бакен, Белогорск, Ахметкино, Медведка);
— молибден және вольфрам (Көктенкөл, Дрожилловское, Жоғарғы Қайрақты, Смирновское, Оңтүстік Жауыр, Жанет, Батыстау, Ақшата, Қараоба, Байназар);
— бериллий (Нұраталды, Дарат).