«Денесінің 35%-ы күйген»: Қарағанды облысында зауытта жарақат алған ер адам басшылықтан өтемақы талап етуде
Қарағанды облысында болат пен темір балқыту зауытында пеш жарылып, бір жұмысшы күйіп қалған. Ол мәслихат депутаты басшылық ететін кәсіпорыннан өтемақы талап етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюрожаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өндірістік жарақат алған Ержан Сағатов кәсіпорын басшылығынан өтемақы төлеп беруді талап етеді. Беті мен денесінің 35 пайызын күйік шалған азамат жұмыс берушінің көмек бермегеніне наразы.
Зауыттың құрылтайшысы мәслихат депутаты болып шықты. Жазатайым оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кеткен.
5 қазанда темір балқыту зауытындағы пештің ішіндегі вакуумды құбыр атылып, бір жұмысшы күйіп қалған. Басы, беті-аузы, қол-аяғы мен жамбасын күйік шалған. 45 жастағы Ержан Сағатов сол уақыттан бері ауруханада жатыр.
Арнайы киімдерімді шешіп жатқанда, 10-15 минуттың ішінде денем жанып кетті. Депутат Қытайда оқып келген. Шешіп тастаған киімдерімді алып, киімі өртенген бе деді де қойды. Менің талабым – өтемақымды алу”, – деді жұмысшы Ержан Сағатов.
Ер азаматтың үш баласы бар. Ол отбасының жалғыз асыраушысы. Сағатовтың айтуынша, басшылық тіпті халін сұрауға келмеген. Дәрігерлер жансақтау бөліміне түскен науқасты әрең аман алып қалғанын айтады.
“5-қазан күні 35 пайыз күйікпен науқас келіп түсті. Күйігінің он бес пайызы терең болды. Азаматты бірден жансақтау бөліміне жатқыздық. Күйікке және шокқа қарсы шараларды жасап, аман алып қалдық. Қазіргі кезде жүргізілген ем-домнан кейін жағдайы тұрақталды”, – деді Х.Ж.Мақажанов атындағы аурухана травматологиялық орталығының басшысы Берік Төлеубаев.
Полиция еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Облыстық еңбек инспекциясы комиссия құрылып, тексеріс жұмыстары басталғанын жеткізді.
“Химиялық талдауға сынама алу кезінде «Forever Flourishing (Middle Asia) Pty Ltd» ЖШС-де жазатайым оқиға орын алды. Осы жағдай бойынша арнайы тергеп-тексеру үшін комиссия құрылып, қортындылары қосымша хабарланады”, – деді Қарағанды облысы еңбек инспекциясының баспасөз хатшысы Әйгерім Шәкенова.
Зауыттың құрылтайшысы – Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты. Алайда депутаттың әкесі жағдайды жоққа шығарды. Айтуынша, жарақат алған адам қаржылай көмектен бас тартқан. Директор тек тергеу қорытындысы шыққаннан кейін ғана пікір білдіруге ниетті.