Шымкент

«Адам сүйектері шашылып жатыр»: Шымкентте бұралқы иттер жас бейіттерді қазып тастаған

Қаңғыбас иттер 40 бейітті талқандап кеткен

Шымкентте бұралқы иттер қала іргесіндегі зираттарды қазып, адам сүйектерін шашып тастаған. Зират қараушылардың айтуынша, қаңғыбас иттер 40 бейітті талқандап кеткен.

Оtyrar.kz жазуынша, «Ынтымақ» ықшамауданындағы зираттың қараушысы бастапқыда бұзақылар әрекет етіп жүр деп ойлағанын айтады. Алайда жас бейіттерді бұралқы иттердің қазып жүргені белгілі болды. Айналада адам сүйегі шашылып қалған, ал мазарлардың ішінен ит тезегі табылған.

«Біз ит атқыштарға хабарластық. Алайда қазір иттерді атуға болмайды екен. Ал ұйықтататын дәрімен ату үшін 3-4 м қашықтан көздеу керек. Ол мүмкін емес. Бұл иттердің не істеп жүргені білмейміз. Олар мәйіттерді қазып алып, жеп жүр ме сонда? Қазір қазылған бейіттерді қайта көміп, үнемі кезекшілік атқаратын болдық», – дейді зират қараушысы Шухратбек Исраилов.

Қаңғыбас иттердің қаптап кеткеніне жергілікті тұрғындар да наразы. Бұралқы иттер тұрғындар мен балаларға шабуыл жиі шабуылдай бастаған.

Жыл басынан бері 1700 адамды ит қауып алған. Олардың көпшілігі – балалар.

«Оқушылар үшін қорқамыз. Жақында Құртаев көшесінде бұралқы ит бір балаға тап берген. Өте қорқынышты. Әсіресе балалар мектептен ымыртта қайтып, таңертең ерте барады. Бір ит алты ай сайын 6-7-ден күшіктейді, сонда бір жылда олардың қаншаға көбейетінін есептеңіз! Көп жылдан бері аулауға ақша бөлініп келеді, бірақ нәтиже болған емес. Иттің құқығы адам құқығынан жоғары болды ғой», – деп күйінеді тұрғын Рысбай Асанұлы.

Шымкентте ит аулаумен айналысатын 6 бригада бар. Өткен жылы олар қала көшелерінен 40 мың қаңғыбас ит пен мысықтарды жинаған. Биыл екі есе аз ит ұсталған. Бұл үшін 264 миллион теңге бөлінген.

«Биыл 16 800 ит ауланып, оның 13,5 мыңы ұйықтатылды. Олар арнайы биотермиялық шұңқырларда жойылады. Тағы 4200 итті зооеріктілер алып кетті. Ит атуға заң бойынша тыйым салынған», – деді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ерлан Әденов.

Другие новости

Back to top button