Туркестанская область

«Жылына бір рет қыста жуындырамыз»: Қос қызды еңбек құлдығына жеккен ағасы мен жеңгесі екі түрлі сөйлеп отыр (видео)

Түркістан облысы Отырар ауданы Ескі Шілік ауылында апалы-сіңлілі қыздарды туған ағалары 17 жылдан бері құлдықта ұстап отыр. Ол қос қарындасына мал бақтырып келген. Алайда қыздардың ағасы мен жеңгесі олардың мүлде мал бақпайтынын айтып, екеуін мемлекетке өткізгісі келетінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Көреміз» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Қос қыздың ағасының айтуынша, қыздар мал бақпайды. Олардан туберкулез анықталған соң айдаладағы үйге оқшауладық дейді ол.

«Қамқоршысы – мен. Келіншегім – біреуіне қараушы. Қыздар мал бақпайды. Бірақ мен арасында құжаттармен кеткен кезде үйдің жанына малды қарай тұрыңдар деп жақындатып кетемін. Өзімнің 6 балам бар. Үлкені 7-сынып оқиды. Арасында баламды да мал бағуға қосып кетемін.

Қыздардың біреуі туберкулезбен ауыратын болған соң қорықтым, сосын оқшауладық. Әйелім қарайды. Моншаға сол кісі апарады. Қыс айында барады моншаға. Мен қой ауылда жүргенде олар мал бақпайды. Өзім бағамын», –  деді ағасы Сәулебек Әділбаев.

Фото: Видеодан алынды

Қыздардың қамқоршысының бұл сөзін мал шаруашылығының қожайыны мен ауыл әкімі де қостап отыр.

«Мал бақпайды, үйінде жүреді. Өзім 1-2 айда бір барамын. Өзі ғана мал бағып жүреді. 300-ге жуық мал шаруашылығын басқарып, егіншілікпен айналысамын.

Құндыз бен Назгүлге тұратын баспанада барлық жағдай жасалған. Мен де кезінде осы үйде тұрып мал баққанмын. Керек десе қазір де тұра берер едім, несі бар. Төбеден жаңбыр жауып жатқан, далада жатқан жоқ», – деді мал шаруашылығының қожайыны Бақытжан Құдыретәлі.

Оқиғаның мән-жайынан Шілік ауылының әкімі де жақсы хабардар екен.

«Мал ауылда тұрды деп мал бақты дей беруге болмайтын шығар. Мал баға алмайды бұлар, көрініп тұр ғой. Мынадай күймен қалай мал бағады. Қараушысы бар. Бұл кісінің жолдасы қараушысы болып бекітілген. Қамқоршылыққа бөлінетін ақшасын алады. Пенсиясын алады. Қарап жатыр», – деді Шілік ауылының әкімі Айдархан Рүстемов.

Ал қыздардың жеңгесі осы екі қызға қарап әбден шаршағанын, енді мемлекетке өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Мен жеңгесімін. Құндыздың заңды күтушісімін. Осы қыздарға қараймын, көтеремін, ауыр. Жатып алады шомылдыратын кезде. Ваннадан көтеріп шығару қиын. Үлкен дәрет, кіші дәрет жібере береді. Ол маған өте ауыр. Осы жеті жыл ішінде шаршап кеттім. Өз балаларыма олай қарай алмайтын шығармын. Енді басыңа түссе, қарайсың ғой. Кейде бір-біріне қол жұмсап қоя ма деп қорқамын. Өйткені сондай агрессиялық жағдай бір рет болған. Ондай кезде жаман қорқамын. Қарап тұрсаң, момын жуас көрінеді ғой. Бірақ ауруы ұстаған кезде бір-бірін қылқындырып өлтіріп қояды.

Сіздер келердің алдында ғана ауруханаға апарып, система салдырттық. Ем қабылдап жатқаны базада да тұр ғой. Неге оны осынша жаман қып көрсетуге болады. Денсаулығы жоқ бұлардың. Үнемі моншаға алып барамын. Аптасына бір рет. Қыздар ол жерде тамақ жасамайды. Қыздармен бірге тұрмаймын, бірақ күйеуім күніне екі рет солардың тамағын тасып қатынайды.

Осы қызды жеті жыл бұрын үйге алып келгенде, ең бірінші ауруханаға апарып көрсеттім. Анализ тапсырып, тексертіп жүргенде 2017 жылы Құндызда туберкулез анықталды. Екі өкпесі қап-қара боп күйіп кеткен, ауруханаға жатқызу керек деді. Әне-міне деп екі ай бойы бармаған жеріміз қалмады. Сол кезде қатты асқынып кетті. Екі қызға психдиспансерде шизофренияның асқынған түрі деген диагноз қойды. Сол кезде білдім бала кезден ауыратынын. Бас тартып мемлекетке өткіземін деп бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Туберкулез анықталды, сол үшін оқшауладық. Психологиялық жағдайынан балаларыма зиянын тигізе ме деп қорқамын», – деді жеңгесі Ләззат Ахметова.

Фото: Видеодан алынды

Ал қой ауылда тұратын апалы-сіңлілердің кішісі мал баққысы келмейтінін айтып, араша сұрады.

«Осы жерде мал бағамын. Мал баққан ұнамайды. Мені алып кетіңіздерші. Сіздерден өтінемін. Қашан алып кетесіздер мені? Мал Бақытжан ағанікі. Келіп тұрады. Ақша бермейді бізге. Ақшаны Сәулебек тәтеге береді. Ағамды шақырмай-ақ қояйықшы. Кете берейікші. Мені ұрады», – деді қыздардың кішісі Құндыз Сұлтанбек.

Фото: Бейнеден алынды

Қыздардың жағдайын бақылаудан өткізіп, әңгімелесіп көрген психиатр Санжар Тұрсынбетов екеуіне диагноз қойды.

«Қарап отырсам, бір-екі сағатта диагноз қою қиын. Ақыл-есінің кемістігі орташа. Түрінен көрініп тұр. Ойлау жүйесі қалып қалған. Түрлі сұрақтар қою арқылы ақыл-есінің төмендігі анықталды. Мұндай балалар орта мектептерде емес, арнайы мектептерді оқуы тиіс. Толық сұрақ қойғанымда кейбір сұрақтарыма жауап ала алдым. Жеңіл сұрақтарыма. Ал енді сәл сұрақты күрделендіргенде үнсіздікті байқадым. Өйткені ойлау қабілеті төмен боп тұр», – деді психиатр Санжар Тұрсынбетов.

Айта кетейік, Түркістан облысы Отырар ауданы Ескі Шілік ауылында апалы-сіңлілі қыздарды туған ағалары 17 жылдан бері құлдықта ұстап отырғаны туралы ақпарат тараған еді. Қыздардың ағасы Сәулебек Әбілдаев оларды еңбек құлдығына пайдаланған.

Другие новости

Back to top button