Госорганы

Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру үшін Балқаш жағасына 51 құлан жіберіледі

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру үшін 2024-2026 жылдар аралығында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи қорығының аумағына 51 құлан жібермекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы министрліктің 2024-2026 жылдарға арналған бюджет жобасында айтылған.

«Тұран жолбарысын реинтродукциялау үшін жағдай жасау және Ұлытау таулы алқабының табиғи және тарихи-мәдени объектілерін сақтауға жәрдем көрсету» деп аталатын бюджет бағдарламасының аясында Балқаш маңынан жойылып кеткен Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру көзделіп отыр.

«Бюджеттік бағдарламаның түпкілікті нәтижесі — құланды «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи қорығының аумағында қайта жерсіндіру. Осылайша 2024 жылы — 17, 2025 жылы — 17, 2026 жылы — 17 құлан жіберіледі», — деп жазылған бағдарлама жобасында.

Құжаттан 2022 жылы аталмыш қорыққа 13 құланның жіберілгенін көруге болады.

Бюджеттік бағдарлама аясында жобаға грант есебінен 2024 жылы — 159 млн 800 мың теңге, 2025 жылы — 80 млн 110 мың теңге, 2026 жылы — 80 млн теңге қарастырылған.

Сондай-ақ грантты бірлесіп қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 2024 жылы — 383 млн 10 мың теңге, 2025 жылы — 329 млн 566 мың теңге, 2026 жылы — 129 млн 581 мың теңге жұмсалмақ.

Другие новости

Back to top button