Карагандинская область

«Несиеміз төленбей жатыр»: Қарағандыда көмір фабрикасының жұмысшылары үш айдан бері жалақыларын ала алмай жүр

Қарағандыда үш айдан бері жалақы алмай жүрген көмір байыту фабрикасының жұмысшылары шағымдары айтты. «АрселорМиталл» көмірді байыту үшін жасаған тапсырыстың ақысын төлемегендіктен басшылық ақшаның жоқ екенін ашық жеткізген. Бұл туралы БАҚ хабарлайды. 

 

Деректерге сай «Kaz Феррит» көмір байыту фабрикасы басшылары «АрселлорМиттал Теміртаудан» 2,5 миллиард теңге қарызды өндіре алмай отыр екен.

Ал шыдамдары таусылған көмір байыту фабрикасының жұмысшылары компания алдына жиналған. Үш айдан бері жалақы ала алмай жүрген азаматтар үйде тіпті ішерге ас қалмады дейді. Ал кейбірі таныстарынан қарыз алып күн көретін жағдайға жеткен.

“Жалақы төлеп жатқан жоқ. Шілденің басынан бері күтіп жүрміз. Қашан береді? Кішкене күтіңдер деді күттік. Күтуден пайда жоқ”, –деді жұмысшы Қайрат Ахметов.

Жұмысшы Вероника Кузьмина да қазір жалақысыз жағдайының қиындағанын алға тартты.

“Басшылық жалақы төлей алмаған соң шілдеден бастап біздерді ақысыз демалысқа шығарып жатыр. Үш айдан бері ақшасыз отырмыз. Несиеміз де төленбей жатыр. Маған компания 507 мың теңге қарыз”, – деді Вероника Кузьмина.

Ал «Kaz Феррит» компаниясы бас директорының айтуынша, «АрселорМитталдың» қазіргі таңда жұмысшылар алдындағы берешегі 2,5 миллиард теңгеге жеткен. Бұл ақшаны алмайынша, жұмысшыларға жалақы төлей алмайтынын жеткізді.

“Қазір жұмыскерлердің бәрін без ақысыз демалысқа жібердік. Бізге «АрселорМитталл Теміртау» екі жарым миллиард көлемінде ақша қарыз. Сол себепті фабрика жұмысы тоқатып тұр. Жұмыскерлердің айлықтарын төлей алмай отырмыз. Біздің контрагентке «АрселорМитталл» ақшасын төлегеннен кейін біз жұмысты жалғастырамыз”, – деді «KAZ ФЕРРИТ» ЖШС бас директоры Бекжан Көпбаев.

Ал «АрселорМитталл Теміртау» компаниясының өкілдері бұл мәселеге байланысты жауап бермеген. Еңбек инспекциясы болса ұжымдық арыз бойынша фабрикаға қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жұмысшылар енді прокуратураға арызданамыз деп отыр.

Другие новости

Back to top button