Выбор редакцииИнтервью

Биология факультетінің түлектері биология ғылымының болашағына алаңдаулы…

Әлеуметтік желіде белгілі болғандай, биология факультетінің әр жылғы түлектері барлығы 40 шақты адам, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевқа ашық хат жолдапты. Бұлашық хатта аталмыш университеттің биология факультетінде қалыптасқан жағдайға көңілдері толмайтынын ашық баяндап, алаңдаушылық білдірген түлектер факультет басшылығына  белгілі ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор Нұғман Аралбайды қоюды ұсыныпты. Осыған орай, ашық хатта айтылған мәселелер жөнінде Нұғман Күлдербекұлының өзімен әңгімелестік.  

Нұғман Күлдербекұлы, сіз бірнеше жылдан бері отандық ғылымдағы, оның ішінде ботаника ғылымындағы өзекті мәселелерді көтеріп келесіз. Ашық хатта айтылғандай, факультет түлектері жағдайды түзету сіздің қолыңыздан келетінін айтып, факультет басшылығына тағайындауға шақырыпты. Бұған не дейсіз?

— Бұл ақпарат маған да әлеуметтік желі арқылыбелгілі болды. Ашығын айту керек, осыдан үш жыл бұрын және биылғы жылы көктемде өзім оқыған сол биология факультетінің бірқатар профессорлары жеке кездесулерде осыған ұқсас пікірлер айтып еді. Ал енді Қазақстанның әр түкпірінен 40 шақты әріптесіміз өздері білім алған факультетке жанашырлық танытып, Ректорға ашық хат жазып жатса – бұл ойланатын жағдай екен. «Түйені қой ішінде жасыра алмайсың» деген көне түркі халықтарының бірінің мақалы бар. Шамасы, Қазақстанда биология ғылымына, биологияға байланысты салаларда – ауыл шаруашылығы, медицина, экология және т.б. маман-кадр дайындау проблемасы қой ішінде жасырылған түйедей менмұндалап тұрған сияқты.

Бұл ретте, бәрімізге alma-mater биология факультетінің түлектері менің бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланған ой-пікірлеріммен жақсы таныс сияқты, сондықтан сенім білдіріп отырған сыңайлы. Ол үшін барлығына ризашылығымды білдіріп, рахмет айтамын.

— Бұл ұжымдық ашық хат туралы баршаға мәлім болды. Бұдан нақты нәтиже болуы мүмкін бе?  

Нәтижесін күтеміз. Логикаға салсақ, университет басшылығы ашық хат иелеріне не болады, не болмайды деп ресми жауап беруі керек. Егер болады десе, онда мені шақырып, сөйлесуі керек. Егер болмайды десе, онда ашық хатта көрсетілген кемшіліктер мен олқылықтарға негіздеме беріп, жоққа шығаруы керек.

Бірақ, хатта келтірілген олқылықтардың, қателіктердің стратегиялық сипатын ескерсек, университет басшылығы көп нәрсенің жауапкершілігін мойнына алуға тиіс. Мысалы, бұрын осы саладағы 20-дан аса мамандық бойынша ғылыми дәреже беретін 9 ғылыми кеңес болса, қазір бір ғана (!) – «Биология» мамандығы бойынша  PhD ғылыми дәрежесін беретін 1 ғана ғылыми кеңес осы биология факультетінде.  

Биология ғылымының осы 20-дан аса мамандығы бойынша білікті кадрлар бұрын 12-13 кафедрада дайындалса, қазір биология, биотехнология, балық шаруашылығы (?) мамандықтары бойынша мамандар 3-4 кафедрада оқып жатыр және мұндай кемшіліктер жетерлік.

— Неліктен бұлай болды деген сұрақ өзінен-өзі туындап тұрған жоқ па? Бұл ашық хат Сізге жүктелген парыз немесе мандат іспетті екен. Сондықтан, университет басшылығына өзіңіз баруыңыз қажет деп санамайсыз ба?

— Бір қарағанда солай сияқты. Бірақ бұл ұжымдық хат маған емес, университет басшылығына арналған. Сондықтан күтейік.  

Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан биологтары бұдан бұрын да осындай үш ұжымдық хат жолдап,мені Ботаника және фитоинтродукция институтының директоры етіп тағайындауды сұраған. Сол хаттың біріншісі ол кездегі Министр Ж.Қ. Түймебаевқа, екіншісі сол кездегі Премьер-Министр Б. Сағынтаевқа, үшіншісі сол кездегі Ғылым комитетінің төрағасы Б.Әбдірасыловке жолданған болатын.

Мен бұл фактілерді келтіру себебім, Қазақстан биологтары еліміздегі биология ғылымдарының жай-күйіне бей-жай, немқұрайлы емес, жанашырлықпен қарап отыр деп бағалар едім. Бірақ, «ескі Қазақстанда» ол ұжымдық хаттарға дәйексіз, сырғытпа жауап қайтарылып, сол ұжымдық хатқа қол қойған азаматтардың жігері құм, ұсыныстары аяқасты болды.  

Бұл үш хаттың да негізгі объектісі мен болатынмын. «Аузы күйген үріп ішеді» деген мақал бар ғой. Сондықтан өзім объектісі болып отырған осы ұжымдық хаттың да ақырын күтейін деп шештім.  

Бұл күту тым ұзаққа созылып кетпей ме? Ендігі шаруа қандай болмақ? Не істемек керек?

— Бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Жоғарыда аталып өткен үш ұжымдық хат та менің мандатым іспетті болатын. Бірақ «ескі Қазақстанда» бұлмандаттарды ешкім мойындамады. Нәтижесінде «Ботаника және фитоинтродукция институты»Ұлттық ғылыми жүйеден аластатылып, сервис–компания деңгейіне ауысты. Бәлкім, ЖаңаҚазақстанда көпшілік берген мандат мойындалар.

Себебі, бұл ұжымдық хатта айтылғандай,биология факультетінде қалыптасқан жағдай қоғамда үлкен пікірталас тудыруы заңды. Яғни, бұл ұжымдық хат биология факультеті үшін күрестің басы сияқты.

Ал енді өзіме келетін болсам, әрине,көпшіліктің пікіріне қарсы келуге болмас. Оның үстіне өзіміз оқыған, тәлім алған факультеттің жағдайын түзеу қасиетті борышымыз деп білемін.

Рахмет, биологтардың жанайқайына құлақ түреді деп сенеміз.

Әңгімелескен

Дина ИМАМБАЙ

Другие новости

Back to top button