Павлодарская область

«Бұрынғы әйелін балаларының көзінше салмағы 8 келі гантельмен ұрған»: Судья сот үкімін шығарды

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Айтбаев Нұрлан Рахымжанұлы әйелін 8 келі гантельмен ұрып талдырған Арман Байтековке қатысты үкім шығарды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 24-3, 99-1 баптары бойынша 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің Facebook парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Байтеков Арман бұрынғы әйелін 12 жасар ұлы мен 7 жасар қызының көзінше салмағы 8 келі тұратын гантельмен ұрған. Ол екі литр қан жоғалтып, ажал аузынан қалды. Әйел 8 күн ес-түссіз жатып, дәрігерлердің арқасында қайта ес жиды. Қазіргі таңда ол туыстарының көмегімен жүріп тұрады.

Балалар оқиға болған кезде қатты шошынған. Әкесі талып жатқан бұрынғы әйелі мен балаларын қалдырып үйден шығып кеткен. Таңғы сағат 7.15-те әйелдің әпкесі үйге келіп, жедел жәрдем шақырған. Бастапқыда балалар сыртқы есікті ашуға қорыққан. Әйелдің әпкесімен видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, қанға боялып жатқан анасын телефон арқылы көрсеткен.  Аталған факті бойынша 2022 жылдың 3 маусымында сотқа дейінгі тергеу басталып, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы – қамауға алу таңдалды.

Істі сотқа дейін Павлодар қалалық ІІБ Оңтүстік полиция бөлімінің аға тергеушісі полиция капитаны Ноке А.А. жеткізді. Аталған факт Павлодар облысының полиция департаменті бастығының орынбасары Утеуов Рашад Богдатұлының жеке бақылауында болды.

Жәбірленуші сотта қылмыскерге қойған талаптарынан бас тартып, оны сот залынан босатуды сұрады. Алайда судья мұндай азаматтың қоғамға қауіпті екенін ескере отырып сот үкімін шығарды.

Другие новости

Back to top button