Екінші «Жаңаөзен?»: Маралдыдағы қақтығысқа билік неге назар аудармай отыр
Қоғамдық тыңдау өтуі тиіс Маралдыда кеше қақтығыс не үшін болды? Ауылдағы халықтың алтын зауыты басшыларымен текетіресі не себепті қантөгіске ұласа жаздады? Неліктен ресми органдардың өкілдері ашынған халықтың алдына келмеді?
Ulysmedia.kz тілшісі 19 шілдеде Маралдыда болған оқиғаны өз көзімен көріп қайтты
Осы жылдың 19 шілдесінде Маралдыда алтын зауыты құрылысына байланысты қоғамдық тыңдау өткізілетіні алдын ала хабарланған. Тыңдауда алтын зауытына лицензия беру-бермеу мәселесі қаралуы керек-тін. Жиынға қатысу үшін (Ulysmedia.kz тілшісі Аян Өрібай) Өскеменнен Күршімге сол күні таңертең аттандық. Аудан орталығынан шамамен 100 шақырым жердегі Маралды ауылына түске таяу жеттік.
Ауылға кіре берісте мөлдіреп Күршім өзені ағып жатыр. Бұл өзен шағын өзендерді, бұлақтарды бір арнаға қосып, Ертіс өзеніне құяды.
Маралдыдағы қоғамдық тыңдауға халық жан-жақтан келген. Киіз үй құрып, палатка орнатып қойыпты. Жан-жаққа көшіп кеткен маралдылықтар жиында кезек-кезек сөз алып, алтын зауыты құрылысына қарсылық білдіріп жатты.
Ulysmedia.kz тілшісін маралдылықтар алдымен зауыт салынып жатқан жаққа апаруды жөн деп шешті. Ауыл тумасы Ербол Әпшековтың айтуынша, Маралды өзеніне Қараөткел сайынан ағып келетін көп бастаудың көзін жауып тастаған. Сондықтан, бір кездері өзен болып жатқан су арыққа айналған.
Әу баста алты бұлақтың көзі бар. Бітеліп жатыр сол бұлақтар. Сол бастаулар өзенге келіп құяды. Ауылдың іргесіндегі тауды, оның аржағындағы тауды жарамыз деп жатыр. Жоқ қылғалы тұр, – дейді Ербол Әпшеков.
Маралдылықтар бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевпен кездескен. Сол тұста министр ауылда “черный копательдер” (заңсыз алтын қазушылар) барын айтып қалған-тын. Бұл жөнінде маралдылықтардың пікірін білмек болдық. Алайда олар Қарабаевтың бұл сөзін жоққа шығарады.
“Черный копательдер” – полиция қызметкерлерінің міндеті. Солар істесін. Тапсын да жазаласын. Біз кезінде Даниал Ахметовты (ШҚО экс-әкімі) ауылға бірнеше рет шақырдық. Бірақ ол келмеді. Бұлай кете берсе арандалып қаламыз, – дейді Қамбар Ақауадиев.
Маралдылықтар алтын зауыты салынатын орынды, қазылған жоталар, салынған жолдарды көрсетті. Ербол Әпшековтың сөзінше, алтын зауыты басшылары жылына 250 мың тонна кен өңдеуді көздейді. “Жеті жыл осымен айналысса бұл таудан не қалады?” дейді ол. Ал маралдылық тағы бір егде азамат “біз жастарды әрең ұстап отырмыз, осыған дейін соғыспағанына шүкір деймін, жастарға қазір бар десең, ертең талқанын шығарады” дейді.
Қиыршық тастарға айналған жоталарда жарылғыш заттардың қабы жатыр. Оларды арнайы қазылған орындарға тығып қойған.
Зауытқа жақын жерде ауыр техникалар тұр. Маралды тұрғындары бұл техникалардың ауылға дейінгі 5 және 20 тонналық көпірден заңсыз өткенін айтады. “Оны бақылап жатқан ешкім жоқ” деп ашынады олар.
Маралдының он шақты тұрғынымен жұмысшылардың жатақханасына жақындағанымызда ол жерден бірнеше жігіт шықты. Камерамызға жармасқан олардың бірі “ұялы телефонның видеосына сөйлейтіндей “терпила” емес екенін” айтып, түсіруге мүмкіндік бермей, біршама қоқан-лоқы жасамақ болды. Журналиспен дауға келген оларға заңға сәйкес жұмысымызды атқарып жүргенімізді түсіндіре алмадық. Жергілікті тұрғындар бұларды “криминалитет” деп те атайды екен. Ақыры, олар өз тарапынан бір өкілді шығарды. Өзін Стройоград компаниясының құрылыс жұмыстарының бастығы Ғани Қалиев деп таныстырған адам қоғамдық тыңдаудан хабары бар екенін, дегенмен “жоғарыдан” оған қатысуға нұсқау түспегенін айтты. “Стройоград тек құрылыс жұмыстарына жауапты” деген ол басшыларға сілтеді.
Жұмысшылар отбасын асырауға ғана келді. Біз де сол үшін келіп тұрмыз. Жұмыс. Болды. Саламыз, қалаймыз, бітті. Қалай ары қарай жұмыс істейді – ол жағынан хабарым жоқ, – дейді Ғани Қалиев.
Сағат екіде Маралды ауылындағы Мәдениет үйіне жиналған тұрғындар бірінен кейін бірі сөйлеп, наразылық білдірді. Ауылға Павлодардан арнайы “Эком” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Могилюк келген екен. Ол жиналған жұртшылық алдында сұрақтарға жауап берді. Светлана Могилюк жауап алдында өз туған жерін қорғауда осылай қорғап жатқан халықты бірінші рет көріп отырғанын айтады.
Бүгін осында маралдылықтар жан-жақтан келіп отыр. Бірақ бүгін оларға заңға сәйкес, өз пікірін айтуға мүмкіндік бермеді. Адамдар жиналуға құқылы. Алайда табиғи ресурстар басқармасы, экология департаментінің өкілдері бүгін келмеді. Мұның өзі мәселені демократиялық бағыттан тыс жаққа итермелеп жатыр. Біздің билік “Тыңдаушы мемлекет” деп жиі айтқанымен, заңда қарастырылған процедура бүгін болмады. Маман ретінде айтар болсам, бұл жерде жоба іске асса біріншіден атмосфера ластанады. Жалпы шығарындылар мамандардың өзінің есептеуінше, жылына 920 тоннаны құрайды. Өз табиғатымен тамсандырған жер үшін бұл өте үлкен қауіп. Қытайдан Ертістің бір бөлігі ағып келсе, қалған екі бөлігі Қазақстаннан қосылады. Ал бұл жоба Ертістің қалыптасуының бұзылуына әкеп соғады. Неліктен? Себебі ұсақ бұлақтар мен өзендердің бәрі Ертіске құйып жатқан құдық іспеттес. Егер сол су өндіріске, шаңды басуға жұмсалса, судың басым бөлігі карьерлерге жұмсалады, – дейді ол.
Бірінен кейін бірі сөз алған маралдылықтар енді төзбейтінін айтып, зауыт басындағыларды “жетектеп шығарып тастайық” деген шешімге келді. Осы тоқтаммен автокөліктерге отырып, зауыт алдына барған. Халық жинала қалған уақытта қара түсті үш джипке мінген күзетшілер келіп, жағдайы екіжақты қақтығысқа ұласты. Бір-біріне тас ала ұшқан екі жақтан абырой болғанда ешкім зардап шекпеген сыңайлы. Екіжақты қақтығыстан кейін джипке мінген адамдар өз компаниясының жатақханасына қарай беттеді.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне жиналған маралдылықтар “күзетшілер 15 минуттың ішінде ауылдан кетсін” деп талап қойды. Көп өтпей үш көлік Маралды ауылынан алыстап бара жатты.
Press.kz сайтында “ШҚО-да ауылдың жүздеген тұрғыны қаруланып, алтын өңдейтін компанияның кешеніне тап берді” деген ақпарат шыққан екен. Ақпарат көзі оқиғаның салдарын жазғанымен, себебін келтірмеген. Осылайша, қоғамдық тыңдау өтуі тиіс 19 шілде қантөгіске ұласа жаздады. Ал жағдай ушығып бара жатыр.