Госорганы

Қазақстанда коммуналдық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу көлемі артады

Бұл ретте кәсіпорындарға ең үздік қолжетімді технологиялар енгізілмек

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында еліміздің өңірлеріндегі экологиялық ахуалды жақсарту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, ірі салалық орталықтар мен қауымдастықтардың басшылары, сондай-ақ БҰҰ өкілдері қатысты.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова осы аттас Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде өткен 10 жыл ішінде экономиканың энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 36,7%-ға қысқартылып, ЖЭК үлесі 4,5%-ға дейін жеткізілгенін баяндады. Сонымен қатар ормандардың ауданы 5%-ға, ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың үлесі республика аумағының 10%-дан астамына дейін жеткізілді.

Сондай-ақ ҚР көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданғаннан кейін Тұжырымдаманы өзектендіру шеңберінде 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату көрсеткішін 40%-ға, ал ұзақ мерзімді перспективада – 2050 жылға қарай 60%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ауылдық жерлерде орталықтандырылған жүйені ұйымдастыру арқылы 2040 жылға қарай халықты қалдықтарды жинау және кәдеге жарату қызметтерімен қамту 100%-ға жетуі тиіс.

«Бұл ретте кәсіпорындарға ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуді ынталандыру арқылы 2050 жылға қарай өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигондарын қалпына келтіру және жаңадан салу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады», — делінген хабарламада.

Жаңартылған тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде атмосфераға ластаушы заттар шығаруды азайту, атап айтқанда ЖЭО-ны жаңғырту және газ отынына көшу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғау, сондай-ақ орман алқабын кеңейту есебінен шаралар қабылданатын болады.

Ауыл шаруашылығы, энергетика және су ресурстарын басқару салаларында да экологияға қолайлы шараларды іске асыру жоспарланған.

Премьер-министр «жасыл экономика» жалпы еліміздің тұрақты дамуының маңызды құралдарының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты Тұжырымдамада қойылған мақсаттар мен индикаторларға қол жеткізу Қазақстан экономикасының даму траекториясын айтарлықтай өзгертуді талап етеді.

«Осының нәтижесінде халықтың тұрмыс жағдайы, атмосфералық ауаның жай-күйі, қалдықтарды басқару, су және жер ресурстарын пайдалану жақсарады», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр Экология министрлігіне Тұжырымдаманы өзектендіруді жеделдетіп, жобаны 1 желтоқсанға дейін Үкімет Аппаратына енгізуді тапсырды.

Отырыста жаңартылатын энергия көздерін одан әрі дамыту бойынша жоспарлар мен қабылданып жатқан шаралар барысы талқыланды. Бүгінгі таңда республикада жиынтық қуаты 2525 МВт болатын 132 ЖЭК нысаны жұмыс істеп жатқаны атап өтілді. Жаңа нысандарды іске қосу жоспарлы мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді. Жалпы, 2027 жылға қарай тағы 6720 МВт жаңартылатын генерацияны енгізу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы дәстүрлі және жаңартылатын энергия секторларын үндестірудің, сондай-ақ үй шаруашылықтары, шағын және орта бизнес, шаруа қожалықтары деңгейінде шағын ЖЭК қондырғыларын дамытуды ынталандырудың маңызды екенін атап өтті.

Другие новости

Back to top button