Жамбыл облысында найзағайдан бір үйір жылқы қырылып қалды
Жұртшылық енді ақадал малының ақысын кімнен өндірерін білмей дал
Тереңөзек ауылының маңында найзағай түсіп, бір үйір жылқы қырылып қалды. Бұл Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы таулы аймақ. Жұртшылық енді ақадал малының ақысын кімнен өндірерін білмей дал, деп хабарлайды «Хабар 24».
Нұрболат Мырзақұлов 20 жылдан бері бақша егіп мал шаруашылығымен айналысады. Шаруа осыдан 2 жыл бұрын 3,5 миллион теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиеге жылқы сатып алады. Бірақ оқыс оқиғадан 10 жылқысы өліп, қорасы қаңырап қалды. Шаруа мұндай жағдайдың аймақта алғаш рет болғанын айтады.
«Кепілдікке үйімді қойып, жылқы алып едім. Енді ойда-жоқта 5 млн шығынға ұшырадым өзім. Енді үйімнен ажырап қалсам, бала-шағаммен қайда барамын?» — деп күйінеді Тереңөзек ауылының тұрғыны Нұрболат Мырзақұлов
Нұрболатпен қоса ауылдағы 7 үйдің 26 бас жылқысын найзағай сұлатып түсіріген. Өлген малдың құнын кімнен дауларын білмей басы қатқан тұрғындар аудан әкімдігінен көмек сұрап отыр.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ресми төтенше жағдай жарияланған жағдайда және мал арасында жаппай ауру тараған кезде, шығындар мемлекет тарапынан өтеледі. Ал қазіргідей сирек жағдай терең зерделеуді қажет етеді дейді.
Қазір ауылдық әкімдік пен ветеринарлардан құрылған арнайы жасақ, қандай да бір ауру тарамау үшін өлекселерді сол тау шатқалында көміп жатыр. Себебі жылқылар жайылған биіктікке көлікпен жету мүмкін емес.