Түркістанда Ұлттық құрылтайдың жұмыс секцияларының отырысы басталды
Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы аясында жұмыс секцияларының отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ертең, 17 маусым күні өтетінін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.
Әрбір секция отырысына қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, қоғамдық кеңестер мүшелері, БАҚ басшылары, сарапшылар қатысып, консолидация, мәдени-рухани даму, сондай-ақ білім және ғылым мәселелерін талқылауда.
«Қоғамдық консолидация» секциясының отырысында Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамыту және этносаралық бірлікті нығайту, қоғамдық бірлестіктердің қызметін заңнамалық реттеу, ұлттық идеологиялық күн тәртібін қалыптастыру ерекшеліктері, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің рөлі мәселелеріне баса назар аударды.
Бұдан бөлек, халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мәселесі көтерілді. Сарапшылар нотариустарды, адвокаттарды, полиция қызметкерлерін, прокуратура мен сот орындаушыларын тарта отырып, азаматтар үшін қоғамдық консультациялар ұйымдастыру тәжірибесін қайта жандандыруды ұсынды.
Ұлттық құрылтай мүшелері отандық БАҚ пен медиа-контентті дамытуға, олардың қоғамдық консолидацияны нығайту құндылықтарын ілгерілетудегі рөліне қатысты пікірлерімен бөлісті.
«Мәдениет. Өнер. Руханият» жұмыс секциясының отырысында мәдени-рухани даму мәселелері қаралды.
Ұлттық құрылтай мүшелері қазіргі заманғы авторлардың әдеби шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды ілгерілету мен отандық әдебиет пен киноны дамыту мәселелерін қозғады. Сонымен қатар музейлердің, мәдени орталықтар мен кітапханалардың, әсіресе ауылдық жерлердегі жұмысы, сондай-ақ жас таланттарды ілгерілету және креативті индустрияны дамытуды қолдау тақырыптары көтерілді.
Жас ұрпақты тәрбиелеу мен олардың білімге деген құштарлығын ояту, салауатты өмір салтын, еңбекқорлықты, патриотизмді насихаттау мәселелеріне көңіл бөлінді. Бұқаралық спортты дамыту жөнінде ұсыныстар жасалды.
«Білім және ғылым» жұмыс секциясының отырысы түс қайта өтеді. Онда цифрлық және жаңа технологиялық шынайылықта қалыптасып жатқан жас ұрпақтың ерекшеліктері кең көлемде талқыланады деп күтілуде.
Шара барысында ұрпақтар сабақтастығын сақтау, жоғары білім берудегі реформаларды жетілдіру, оның ішінде жоғары оқу орындарын басқарудың заманауи тетіктерін енгізу және оқытушылар мәртебесін арттыру мәселелері талқыланады.
Секция жұмысы аясында орта білім беру, әсіресе ауылдық жерлерде мектеп инфрақұрылымын жақсарту мәселелері қаралады.
Жұмыс секциялары отырыстарының қорытындысы бойынша Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыру жөніндегі іс-шаралардың арнайы жоспары әзірленбек.