Актюбинская область

Ақтөбеде мемлекеттік қызметшілер өрттен зардап шеккендерге бір күндік жалақысын аударады

Ақтөбе облысындағы мемлекеттік қызметшілер Абай облысындағы өрт кезінде зардап шеккендерге арнап бір күндік еңбекақысын аударатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Ақтөбеде мемлекеттік қызметшілер Абай облысында қаза тапқан орманшыларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Олардың әрқайсысы өз өмірін басқалар үшін құрбан етіп, еңбектеріне нағыз адал болған жандар. Біз бұл болған төтенше жайдайды жәй ғана сырттан бақылап отырмауымыз керек. Мен орман өрттерінен зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында бір күндік жалақыны аударуды ұсынамын. Сондай-ақ, біз осындай төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдауымыз қажет», — деп атап өтті аймақ басшысы жиын барысында.

Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша өрт-құтқару бөлімшелерінің барлық күштері мен құралдарына қайта түгендеу жұмыстары жүргізіледі. Облыстық ТЖ департаментінің деректері бойынша облыста 97 қосалқы, 16 арнайы және 81 өрт сөндіру техникасы бар. Сонымен бірге 5 өрт сөндіру пойызы, 2 203 адамнан тұратын 320 өртке қарсы ерікті құрылым, 8 орман шаруашылығы бар тіркелген.

Ерікті өрт сөндірушілер бейімделген техниканың 713 бірлігімен қамтамасыз етілген.

«Өңірде 78 мыңнан астам тұрғыны бар 146 елдімекенде 41 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Бекеттердің базасында 25 өрт сөндіру және 16 бейімделген техника бар. Өртке қарсы ерікті құрылымдардың жиналу, жедел шығу және өртті сөндіру дағдыларын пысықтап, өзара байланыс жасауын жетілдіру мақсатында Мәртөк, Хромтау және Қарғалы аудандарының бөлімшелерінің қатысуымен өрт-тактикалық оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Ақтөбе облысының орман шаруашылығын дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Жалпы 7 орман өртін сөндіру станциясын салу көзделген»,- деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Другие новости

Back to top button