Өртті сөндіремін деген өрімдей жігіттердің, көрер жарығы сөнерін кім білген?!
Тілсіз жаудан, төтелей келген өлімнен азап шегіп, іргесі азынап, қабырғасы сөгіліп, көз жасы төгіліп, шаңырағы қаңырап, отбасы аңырап отырған қаралы үйге бас сұғып, көңіл айтқан қандай қиын еді! Жұбатарға сөз таппай, ішің астаң-кестең күй кешеді екен.
«Көңіл айтайық… Жұбатайық, қайғыны бөлісейік» деп келген едік, жүрегім қатты ауырып қайтты.
Баласының суретін құшақтап жылаған Ана: «— Қазір келеді, келеді ұлым» — деген үмітті зары көмейге еріксіз өксік ұялатты.
Өртті сөндіремін деген өрімдей жігіттердің, көрер жарығы сөнерін кім білген?! Артында ұрпағыда қалмаған бозбала боздақтар-ай!
Сыртай қарап, бақылап отырғанда, рас сезінбейді екенбіз.
Жары мен Ұлынан қатар айырылған қос отбасының жағдайы тіпті ауыр. Сидорин Виктор, Сидорин Александр,
Пузырев Николай , Пузырев Сергей сынды әке мен бала қатар орманға кіріп, қайырылып қайта шықпай қалғаны қайырымсыз дүниенің қатал келбеті емес пе?!
«Тас түскен жеріне ауыр». Қайғыдан қан жұтып, «— Енді қалай өмір сүремін, не істеймін, не қызық қалды?»- деп жылаған жандардың қайғысын бөлісу, жүректеріндегі қызыл жалын өртті басу кімнің қолынан келер дейсіз?!
Жалғыз ұлдан айырылған әке, қанаты қайырылған ана қайғысы қабырғаңды қаусатады.
Өрт басылар, іштегі дертті кім басады?!
«Орман өртеніп жатса, қарлығаш аузына су толтырып ұшады екен, ал, қарға тұмсығына ши қыстырып ұшады» — дейді. Қарлығаштың қасық суынан өр сөне қоймас, қарғаның бір тал шиінен өрт өршімес. Пейілімізді алмасын, Құдай! Қалғаны «боқ дүние».
Несіпбек Айтұлы айтпақшы: «Өртеніп ұрпақ өлгенше,
Өртеніп дүние кетпей ме?!.»
Орман өрті болған ауылдарды аралап келген бетім осы. Өрттің күші қайтыпты, әр жерде балалаған қызыл жалын әлі де бар.
Отанымыз аман, отбасымыз түгел болсын! Енді бұндай қасіреттен сақтасын!
Ақын Мерей Қарттың желідегі жазбасы