Шымкентте ер адам есірткіні пошта арқылы тасымалдамақ болған
Шымкент қаласының Абай аудандық соты есірткіні пошта арқылы тасымалдамақ болған күдіктіге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
30 жастағы В. есімді азамат жалпы салмағы 79,1 грамм кептірілген «марихуананы» екі пластмасса майонез шелегінің түбіне сақтаған. Бар мақсаты — түзеу мекемесінде жазасын өтеп отырған ағасына жеткізу болыпты.
Содан Шымкент қаласындағы «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшелерінің біріне келіп, хат-хабар түрінде рәсімдеп, тапсырысты екі рет пошта арқылы Тараз қаласындағы түзеу мекемесіне жолдаған.
«Есірткі заты дер кезінде түзеу мекемесінің қызметкерлерімен анықталып, тәркіленді. Шымкент қаласы Абай аудандық соты жергілікті тұрғынды ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігінде (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 (бес) жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады» — делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.