Жетысуская область

Талдықорғанда аурухана есепшісі бюджеттің 109 миллион теңгесін букмекерге салып жіберген

Талдықорғанда бюджеттің 109 млн теңгені букмекерге салып жіберген аурухана есепшісіне үкім шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасының есепшісі 2021 жылдың 1 наурызында есепші болып жұмысқа орналасқан. Сол уақыттан бастап мемлекеттің бюджет қаражатын өзінің жеке шотына аударып отырған.

«Келтірілген мүліктік залал көлемі 109 миллион теңгеден асады. Прокурор сотталушыны қаржы ұйымдарында басшылық қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына шектеп, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, шын көңілден өкініп, ұйымға келтірілген залалды өтеуге міндеттеніп, соттан қатаң жаза қолданбауын сұрады.

Кінәсін мойындауын және жасаған ісіне өкінуін, сотталушыда кәмелетке толмаған баласының болуын, жастығын, сонымен қатар сотталушының келтірілген залалды ішінара өтегендігін, ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, сот А.-ға мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында тиісті лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – делінген сот хабарламасында.

Сотталушы жазаны қылмыстық – атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.

Айта кетейік, Талдықорған қалалық сотында сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету фактісі бойынша облыстық «Балалар ауруханасы» МКК-нің есепшісіне қатысты қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша қаралды.

Другие новости

Back to top button