Қазақ әскері бізді қорғай ала ма?
Global FirePower 2023 жылға арналған әлем елдерінің әскери күші бойынша рейтингін жариялады. Тізімде 145 мемлекет бар.
Әскери күштің индексі 60 түрлі фактор бойынша есептелген: Қарулы Күштердің саны, қорғаныс шығындары, әскери техниканың көлемі, ресурстарға қол жетімділік және басқалары.
Орталық Азия елдері арасында Өзбекстан тізімнің алдыңғы қатарынан көрініс тапқан – 62-ші орында. Екінші Қазақстан – 63 орында, Түрікменстан — 82 орын, Қырғызстан-107 орын, Тәжікстан — 120 орында тұр.
Ресей әскерінің Украинаға ашық соғыс ашуы көптеген елдерді қорғаныс саласына қайта қарауға мәжбүр етті. Әлемдегі геосаяси ахуал нашарлап, мемлекеттер қайта милитаристік көзқарасты ұстануға көшкендей. АҚШ бастап, Батыс қостап, әлем елдері қорғаныс саласының бюджетін еселейтінін айтты. Соның ішінде біз де бармыз.
Рейтинг әрине маңызды. Бұл кем-кетігіңді түзеп, алға жылжуға қажеттіні анықтау үшін керек. Алайда рейтинг әскердің жағдайын нақты сипаттамайды. Рейтингті жасақтау сәтінде көптеген мемлекеттер саяси қулыққа басады. Бірі қару деңгейін азайтып көрсетсе, енді бірі ұлғайтып көрсетеді. Әскери бюджет пен әскер санына да қатысты дәл солай. Әскердің шынайы келбетін соғыс жағдайы ғана көрсете алады. Мысалы рейтингте 2-ші орында тұрған Ресей әскері, рейтингте 15-ші орында тұрған әскерді ұрыс даласында тізе бүктіре алмай келеді.
«Соғыс – кімдікі дұрыс екенін анықтамайды. Соғыс – кімнің аман қалатынын анықтайды», — дейді ойшыл Бертран Рассел. Сондықтан, әскери бюджетті ұлғайту маңызды екені анық. Қару-жарақты қазірден қамдау керек. бізге заманауи қару-жарақ керек. Былтыр қабылданған әскери доктринаның қалай болатынын алдағы уақытта көре жатармыз. Десе де, Қазақстанның ұрыс жағдайында жаңа қару сатып алу мүмкіндігінің болуы, әлемнің бірқатар елдерімен қорғаныс саласында келісім жасай алуы, қазақ сарбаздарын өзге елдерге оқыту және тәжірибе алмасуға жіберу мүмкіндігінің болуы, халықаралық дәрежеде имиджінің жоғары болуы және дипломатиялық беделге ие болу. Осы артықшылықтар Қазақстан әскерін қуатты ете түседі.