«Тырма жоқ, саусақпен тазалаймыз»: Таразда қала тазалайтын жұмысшыларға еңбек жағдайы жасалмай отыр
Таразда қаланы тазалайтын азаматтарға күл-қоқыс жинап, көше сыпыруға арналған қарапайым құрал-жабдықтар жетіспейді. Барының өзі бүтін емес. Соның кесірінен бір күрекке он адам таласса, тісі жоқ тырманың орнына саусақтарымен жер тырмалап жүр. Қап берілмей қоқысты қалтамызға саламыз дейді, деп хабарлайды 31 арна.
Бір арбада тұрған екі күрек, үш тырма, бір сыпырғыш бүкіл Жеңіс саябағына бөлінген құрал. Ал жұмысқа елу адам жұмылдырылған. Бірақ көбі адам қарасын көбейтіп құр жүр. Жалқаулықтан емес жағдайдың жоқтығынан.
Сыпыра-сыпыра сабы қалған сыпырғыш, тісі кетік тырма, сынық күрек, тозған техниканы басшылыққа талай айттық дейді жұмысшылар. Алайда өзгерген дәнеңе жоқ болса да, мұнтаздай тазалықты талап ету өзгермепті. Қоғамдық жұмысшылар Таразға Астанадан мәртебелі меймандардың жиі келуін тілейді. Өйткені сол күні су жаңа құрал-сайманды болып қаламыз дейді.