Жаңақорған әкімдігі акт залы мен спорт алаңы жоқ мектепті 2,4 млрд теңгеге салған
Жаңақорғанда құны 2,4 млрд теңгеге салынған 600 орындық мектептің спорт залы мен спорт алаңы жоқ, деп Azattyq Ruhy inbusiness.kzсайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Дереккөзге сүйенсек, 2019 жылы Жаңақорған кентінде 600 балаға арналған мектеп үшін 3 млрд теңге бөлінгені белгілі болған. Сол кездің өзінде қоғам белсенділері жобаның құны тым қымбат екенін айтқан болатын. Мәселен, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалына жетекшілік ететін Ләззат Бақтыбаева Қызылорда қаласында спорт залы, спортпен шұғылданатын алаңы, тіпті, жеделсатысы бар мектеп 1 млрд теңгеге салынғанын айтады.
«2019 жылы әкімнің халыққа есеп беру кездесуінде біз осы мәселені көтерген едік. Бірақ, аудан билігі Жаңақорған ауылының таулы аймақта орналасқанын, ол жерге сейсмологиялық сынаққа шыдайтын ғимарат керек екенін айтқан. Біз жер сілкінісі көп болатын Алматы және Жамбыл облыстарындағы, 2019 жылдары салынған осындай мектептерді салыстырдық. Алматы облысында дәл осындай қаражатқа 1200 орынға арналған, талаптың бәріне сай келетін мектеп салынған. Ал, Жамбыл облысы 1 млрд теңгеге Жаңақорғандағы мектеппен бірдей жобаны салып шыққан. Ал, Жаңақорған ауылындағы мектеп құрылысының қаражаты 3 млрд теңгеден 2,4 млрд теңгеге қысқарғаны сол екен, мектептің акт залы мен спорт алаңы жоғалып кетті», — дейді Бақтыбаева.
Қоғам белсендісінің айтуынша, бұл жерде мердігердің кінәсі жоқ, өйткені, ол мақұлданған жобаны салып шыққан. «Сонда әкімдік 1,2 млрд теңгені далаға шаша салғаны ма?», дейді қоғам белсендісі.
Жалпы, белсенділердің зерттеуі көрсеткендей, 2016-2021 жылдары Жаңақорған ауданында 7 мектеп салынған. Екі мектептің сейсмологиялық талабы бар, бесеуінде жоқ. Екеуі мол қаражатқа, бесеуі кәдімгі мектеп құрылысына кететін қаражатқа салынған.
«Олай болса, Жаңақорған ауданында соңғы 100 жылда неше рет жер сілкінісі болды, сол туралы есеп беріңіздер»,- дейді сөз соңында спикер.