«Қазақтың тарихын жойып жатыр»: Арқарлы тауындағы петроглифтерге қатысты өңір әкімдігі жауап берді
Осыған дейін петроглифтер салынған тастардың қирап жатқаны туралы видео жарияланған
Осы жылдың 4 қаңтар күні блогер elzat.muqash Instagram және TikTok әлеуметтік желісінде «қазақ тарихын жойып жатыр» деп Арқарлы тауында орналасқан ежелгі тастарды шиыршық тастарға үгітіп, оны бәзбіреулердің бизнеске айналдырып жатқанын айтып, видео түсірген еді. Алайда Жетісу облысының әкімдігі бұл мәліметтің жалған екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Осы ақпарат бойынша Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық пен Кербұлақ ауданы әкімдігінің өкілдері Арқарлы тауына барып қайтты. Ол жерде бейнероликте көрсетілгендей қиыршық тас өндіріліп жатқан жоқ. Тіптен қиыршық тас өндіретін кәсіпорын «Жол жөндеуші» компаниясы «Жоламанский щебеночный завод» ЖШС банкротқа ұшырап, жұмысы 2022 жылдан бастап тоқтап тұр. Бейнероликте көрсетілгендей петроглифтер орналасқан тастарды қиратып, тастарды өндіру жұмыстары тоқсаныншы жылдары жүрген», — деп мәлімдеді Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.
Басқарманың мәліметінше, 2021 жылы облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Охотники за петроглифами» еріктілер тобының үйлесімді жұмысының арқасында Арқарлы тауында орналасқан ежелгі тастардағы бірегей ескерткіштердің қирауын тоқтатуға қол жеткізіліп, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың тапсырысы бойынша Ә.Марғұлан атындағы археология институты барлау және сол аумақта орналасқан жалпы саны 185 археологиялық ескерткіштерге құжаттама (паспортизация) жұмыстары жасалған.
Сонымен қатар Арқарлы тауында орналасқан ежелгі тастардағы бейнелерді сақтау және насихаттау мақсатында петроглифтар орналасқан аумақтың 8 жағынан жалпы саны 16 тақта (8 ақпараттық, 8 қорғау тақтасы) қорғау және ақпараттық тақталар қойылыпты.
Тарихшы, археологтардың зерттеуінше, тастағы суреттер осыдан 3 мың жыл бұрынғы дәуірден сыр шерте алады. Алайда бизнесмендер таудың тасын қопарып, жарамсыздарын тастап кеткен. Сарыөзек кентіндегі басшылар 2021 жылы ғана таңбалы тастардың тұрған жерлерін картаға түсіріпті. Оған дейін Арқарлы асуындағы жақпар тастардың біразы қирап, қиыршық тас шығаратын зауытта үгітіліп кеткен болуы да мүмкін. Ғалымдардың айтуынша петроглифтер орналасқан жартасты жоталарды жердің қожайындары шиыршық тастан бөлек, жерге төсейтін тақтатас бизнесі үшін де пайдаланып келген.
Айта кетейік, Azattyq Ruhy тілшісі 2021 жылы Арқарлы тауындағы петроглифтердің сол кездегі жай-күйін анықтаған болатын.