Шымкент

Аса ірі мөлшерде есірткі сақтаған: Шымкентте 3-курс студенті қолға түсті

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды

Шымкентте есірткінің мефедрон түрін сақтаған 3-курс студенті ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері профилактикалық жұмыстар мен жедел-іздестіру іс-шараларын қарқынды жүргізіп жатыр. Кезекті рейд барысында қала аумағындағы көпқабатты үй аулаларының бірінде аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өзімен бірге сақтап, тасымалдап алып жүрген 20 жастағы жігітті құрықтады.

Аталған азамат Солтүстік Қазақстан облысынан Шымкент қаласына оқуға келіп, осындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде 3-курста оқып жүріп, қаладағы жалдамалы пәтерде жалғыз өзі уақытша тұрып жүрген.

Жеке тінту барысында студенттің сөмкесінен полиэтиленді пакетке салынған ақ түсті ұнтақ тәріздес есірткіге ұқсас зат тәркіленіп алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат мефедрон екендігі расталып, жалпы салмағы 495 грамды құраған.

Сонымен қатар тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде оның пәтеріндегі сейфтің ішінен 20 дана полиэтиленді пакеттерге оралған есірткіге ұқсас заттар мен тағы 300 грамнан аса сол секілді заттар тәркіленіп алынған.

Қазіргі таңда күдіктінің үйінен алынған заттарға қатысты қосымша сараптама тағайындалды. Бүгінде аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Другие новости

Back to top button